Бұдан былай өңірлердегі Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жұмысы қатаң бақылауда болады. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдауында Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
Министр орынбасарына арыз-шағым айтып келген ағайынның қарасы көп болды. Бірі «Құқық органдарының қызметкерлері қылмыстық істерді тексеруде әділетcіздік танытады», десе, бірі құжат алу кезіндегі туындайтын проблемалар туралы мұң шақты.
Зейнеткер Болат Тілеубековтің бұл күндері ішкені ірің, жегені желім. Айтуынша, осыдан жеті жыл бұрын 2 миллион 698 мың теңгеге 20 гектар жер телімін сатып алыпты.
Оны игеріп, кәсібінен нәсіп табамын, деп жүргенде алаяқтардың арбауына түскен. Яғни, заңсыз жолмен жерін тартып алған. Содан шағым айтып, құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырғанымен, мұңын тыңдайтын жан таппаған.
Болат Тілеубеков,зейнеткер:
Сот менің пайдама шешім шығарды. Бірақ, жер қатынастары бөлімі де, әкімшілік те бұл шешімді орындаған жоқ. Осының зардабынан менің жүрегіме қатерлі ісікке қарсы екі рет ота жасалды.
Болат Тілеубековтің басындағы қиындығын вице-министр тыңдап-білді. Мәселенің мән-жайын шешу үшін тиісті мекеме өкілдеріне тапсырма берді.
Жалпы, бүгінгі қабылдауда ең көп айтылған арыз, өтініштер Ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты болды. Нәтижесінде 13 тұрғын көңіл көншітетін жауап алды.
Жалпы Қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2013 жылы 122 836 адам өтініш жазса, 2014 жылдың қаңтар айында 1427 өтініш келіп түскен.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі Істер министрінің орынбасары:
Кейбір өңірлерде тұрғындарға құқық қорғау органдары дұрыс қызмет көрсетпейтінін мойындауымыз керек. Бүгін айтылған өтініштер жетерлік. Олардың барлығы мұқият тексеріледі, керек болса, жедел топ жіберіледі. Біздің ең басты мақсатымыз - халықтың құқығын қорғау. Сондай-ақ, бүгін ұрлық пен алаяқтық фактілері бойынша да мәселелер қаралды. Енді біз әр өңір бойынша мониторинг жүргізетін боламыз. Ешқандай іс қараусыз қалмайды.
Сондай-ақ, вице-министр басқа да өңір тұрғындарының арыз-талаптарын онлайн жүйесі арқылы тыңдады. Тыңдап қана қоймай, айтылған әр сұраққа тұшымды жауап бере білді. Мұндай қабылдау алдағы уақытта да жалғасады.
Индира БЕГАЙДАР