Шекара қызметі - ел тыныштығының кепілі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шекара қызметі - ел тыныштығының кепілі

17.01.2014
Шекара қызметі - ел тыныштығының кепілі
«Қазақстан-2050» стратегиясы мемлекет қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуіне айнымас бағыт болды. Маңызды құжат қазақ әскерінің теңіздегі шекарасына да тастай мығым болуына серпін беріп отыр. Маңғыстау облысының Баутин портындағы жағалау күзеті шекара қызметі еліміздің Каспийдегі қауіпсіздігін қорғап тұр.
 
Бес елмен Каспий арқылы шектесетін Қазақстан шекара шебін бұзбау қағидасын қатаң ұстанады. Бұл бағытта Маңғыстаудағы жағалау күзеті шекара қызметінің атқарып отырған міндеті зор. Теңіздегі шекара қауіпсіздігі үшін заманауи техникалар қатары көбеюде. Қазір мұнда 2 тікұшақ, 17 су көлігі бар. Оның 4-уі алып кемелер. Қуатты техниканың бірі – «Семсер» шекара кемесі. Оның күшімен былтыр 130 браконьер, шекара бұзған 40 кеме қолға түсті.
 
Жанболат Қашбаев, «Семсер» шекара кемесінің командирі:
Көптеген шекара бұзған Дағыстан азаматтарын қолға түсірдік. Осы кемеміздің арқасында заң бұзушылықтың жолын кесіп жатырмыз. Президенттің «Қазақстан – 2050» стратегиясын басшылыққа алып, шекараны одан әрі күзетуге атсалысамыз.
 
Астаналық Зәкәрияның Отан алдындағы борышын Каспийде кірпік қақпай өтеп жүргеніне 9 ай. Осы аралықта мемлекеттің тыныштығын қорғау, шекара шебін ешкімге бұздырмау маңызды іс екенін жақсы түсінді. Заманауи кемеде тағы 3 ай қызмет етпекші. Экипажда 23 адам бар. Олар 12 мильдік қашықтықты күзетеді.
 
Зәкәрия Ақтөре, теңізші:
Теңізге келіп үлкен шекара кемесінде қызмет атқарып жатқанымызға барша матрос қуаныштымыз. Еліміздің шекарасын қорғауға техникалық жағынан болса да, ер азаматтарымыздың күш, әл-ауқаты жеткілікті. Сондықтан еліміздің шекарасын талмай қорғауға дайынбыз.
 
Ел шекарасы мығым болуы үшін теңіз күштерін дамытуға қазынадан жылына 12 миллиард теңге бөлінеді. Алда жағалау күзетіне қажетті техникалар саны арта түседі.        
 
Жазира ӘБІЛ

Хабарламаларға жазылу