Былтыр 1,8 миллион қазақстандық Ресейге сапарлаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Былтыр 1,8 миллион қазақстандық Ресейге сапарлаған

16.01.2014
Былтыр 1,8 миллион қазақстандық Ресейге сапарлаған

Биылдан бастап Ресейдің миграциялық заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес енді шетелдік студенттер бұл елде оқу оқып жүріп, заңды түрде жұмыс істей алады.

 
Сонымен қатар, Ресей билігі екі қолға бір күрек іздеп келген еңбек мигранттарына арнайы салық төлеушінің жеке нөмірін беріп, қазынаға қаржы құюды көздеп отыр.
 
Мәскеуде өткен баспасөз мәслихатында осы және өзге де өзгерістерді федералды миграциялық қызмет мамандары хабарлады. Олардың айтуынша өткен жылы мигранттар 2 миллионнан аса әкімшілік заңбұзушылық жасаса, 63 мың адам Ресейден аластатылған.
 
Ал жалпы, көрші елдің аумағына 2013 жылы 17 миллион шетелдік азамат келген. Олардың басым көпшілігі Украина мен Өзбекстан тұрғындары болса, үшінші орында, Ресейге ең көп келетін Қазақ елінің өкілдері болып шықты. Яғни, былтыр 1 миллион 800 мың отандасымыз Ресейге барып-қайтқан.
 
Дмитрий Демиденко, РФ Федералды миграциялық қызметінің шетелдік азаматтармен жұмыс жөніндегі департамент директорының орынбасары:
Қазақстан азаматтары Ресейге түрлі мақсатпен келеді. Мәселен, жұмыс істеу үшін, білім алуға және емделуге келетіндер де бар. Қыдырып немесе жеке бас шаруасымен қысқа мерзімге келетін азаматтар да көп. Бірақ жалпы алғанда, Қазақстаннан Ресейге жаппай миграция болып жатыр деуге болмайды. Келімді-кетімді адамдардың саны бұрынғы мөлшерден көп артқан жоқ. Оның үстіне Кедендік одақ аясындағы интеграциялық процестердің белсенді жүріп жатқанын ескеретін болсақ, бұл қалыпты құбылыс.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу