Шопандар тірлігі түзеле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шопандар тірлігі түзеле бастады

14.01.2014
Шопандар тірлігі түзеле бастады

Жазғы мал жайылымдары мен қыстақтардағы шопандар тірлігі түзеле бастады. Павлодар облысында биыл алғаш рет күн және желден алынатын электр энергиясын қолданудың кешенді жоспары дайындалып, шалғайдағы жайылымдар мен қыстақтарға орнатылды.

 
Яғни, жел генераторлары мен күн сәулесінен қуат алатын батареялар темірден жасалған жиналмалы үйлерге қосылды. Мұндай үйлердің ішінде көмірмен қыздырылатын қазандық, жуынатын орын және газ плиталары орнатылған. Бұл игілікке биыл облыста жетпістен аса шаруа қожалықтары қол жеткізді.
 
Құсман Дүйсенов бала жастан мал өсірумен айналысып келеді. Қазір мал бордақылайтын шағын шаруашылығы бар. Ал, тұрмыс сол баяғы кеңшар кезіндегідей. Суды қауғамен тартады. Жарық жоқ.
 
Құсман Дүйсенов, шаруа қожалығының басшысы:
Электр жүйесі тартылмады. Іште жарық жоқ. Малды азықтандыру үшін жем үгу керек, мал соятын цех жасауым керек. Келешекте 50 сауын сиыр алу жоспарда бар.
 
Жоспар құрып, мал өсіремін деген адамға «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының көмегі мол. Өйткені, несие алған шаруашылықты инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мемлекет көмектеседі.
 
Мәселен, биылдан бастап Павлодарда мал жайылымдары мен қыстақтарға жел генераторы және күн батареялары орнатылған мынандай блок-модульдер тегін қойылып жатыр.
 
Валерий Бусько, шопан:
Міне, даладан кірдім. Үй жып-жылы. Шәй қайнап тұр. Жатар орын дайын. Жарық бар. Біздерге осыдан артық не керек? 
 
Заманауи блок-модульдер 70-тен аса шаруашылықтарға қойылды. Нәтижесінде бұрын ауылды төңіректейтін шаруалар жем-азық мол алыс қыстақтарға көшті.
 
Жәнібек Жұмабаев, Лебяжі аудандық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Соның арқасында ауданда 17 мың гектар жерді пайдаға жараттық.  Оған қоса екі мың қой және 180 бас ірі қара алынды.
 
Мал қыстағына қойылған үй-жайлардағы жел генераторлары мен күн батареялары 35 градус суықта тоқтаусыз жұмыс істей береді. Ал, аяз күшейе қалған жағдайда көмір бар. Күзде әр шаруашылық бір айға жететін отын қорын дайындапты.
 
 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу