Басты Жаңалықтар Азық-түлікке салынатын ҚҚС мөлшерін азайтуды ұсынды

Азық-түлікке салынатын ҚҚС мөлшерін азайтуды ұсынды

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына салынатын қосылған құн салығын 16 пайыздан 10 пайызға дейін төмендету ұсынылды. Бұл бастама «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесінде көтерілді. Кәсіпкерлердің айтуынша, елдегі отбасылар табысының 55 пайыздан астамын азық-түлікке жұмсайды. Сондықтан салықты азайту бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Сауда және интеграция министрлігі ұсынысты қарастыруға дайын. Алайда алдымен оның бюджетке, өндірушілер мен тұтынушыларға әсерін есептеу қажет деді. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Жиында отандық тауарлардың сауда сөрелеріндегі үлесін арттыру мәселесі де талқыланды. Сондай-ақ кәсіпкерлер жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалау мерзімін кейінге шегеруді сұрады. Жаңа талап 1 желтоқсаннан бастап енгізілуі тиіс еді. Алайда бизнес өкілдері қажетті жабдықтарды сатып алып, есеп жүйесін бейімдеуге қосымша уақыт керек екенін айтып отыр.

Эльдар Жұмағазиев, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары:

Отандық өнім өндіріп жатқан компанияларға бұл маркировканың керектігі айтылды. Тек импортпен айналысатын компаниялар айтып жатыр, бұл бізге салмақ деп. 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларына маркировка басталуы керек еді. Осы сұраққа шешім қабылдауымыз керек.

Бөлісу