Жабайы аңдар Теріскейдің сарышұнақ аязына үйренген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жабайы аңдар Теріскейдің сарышұнақ аязына үйренген

14.01.2014
Жабайы аңдар Теріскейдің сарышұнақ аязына үйренген

Африканың арыстандары - Солтүстікте. Қардың не екенін білмеген жабайы аңдар Теріскейдің сарышұнақ аязына бойларын үйретіп те алды. Бұдан басқа, Алтайдың қоңыр, Гималайдың қара аюлары да Петропавл маңындағы демалыс базасын жерсініп кетті. 

 
Бір қызығы арыстанның еркегі маубас, ұрғашысының мысы басып тұрады екен. Гара ырылдап, айбат шегіп еді Саид есімді алып мысық үйшігінен тұмсығын да шығарған жоқ. Ал хайуанаттар бағына әбден үйреніп алған мына қоңыр аю тәтті тоқаштарды жақсы көреді. Етке де кетәрі емес.
 
Бұлардан бөлек күзен мен түрлі қояндар демалыс базасына келушілердің көзқуанышына айналған. Тіпті қырғауылдар да көзді қызықтырады. Бұлардың барлығы да еліміздің - түкпір-түкпірінен әкелінген.
 
Валентина Дмитриенко, кәсіпкер:
Біз бұл жануарлардың барлығын өз клиенттеріміз үшін әкеліп жатырмыз. Демалуға келгенде ересектер де балалар да қуанып қалады. Мұндай жануарларды тіпті үлкен қалалардағы зообақтарда да кездестіре бермейсің. Ал біздің барлық аңдарымыз қазір жерсініп кетті.
 
Еліктердің сан алуан түрі, тіпті түз тағысы сұр қасқыр да осы жерден мекен тапқан. Бұдан басқа күн жылыған соң мына тоғайдың ішінде түйе мен есек емін-еркін жайылып жүреді.
 
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Петропавлдан 60 шақырым шықсаң болды табиғатпен қауышып, оның аясына енгендей боласың. Өйткені бұл жерде жабайы қодастар жайылып жүр. Ал мына жақта бұғылар мен маралдар бар.
 
Түздің тағы бір тағысы сілеусін де осы бақта. Аңдардың көбі теріскейдің қытымыр аязына бейімделген. Ал қысқа шыдамсыздарына арнайы жылытылатын үйшік салынған.
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу