Басты Жаңалықтар Суықтан қорғанудың тәсілдері сынақтан өтті

Суықтан қорғанудың тәсілдері сынақтан өтті

Суықтан қорғанудың тәсілдері сынақтан өтті
Арқаның қысы қаһарына мініп тұр. Аязды күндері далаға шығудың өзі мұң болып қалады, тіпті. Алайда осындай суыққа қарамастан, күні бойы сыртта жүретін адамдар да бар. Олар таңнан қара кешке дейін базарда тұратын сатушылар, жол тазалаушылар, құрылысшылар сияқты күнін далада өткізетіндер. Ал енді осы адамдар суықтан қалай қорғанады? Оның біз білмейтін өзгеше тәсілдері бар ма? Тілшіміз осы мәселені зерттеп көрді.
 
Ләззат Бектас, тілші:
Қақаған қысқа қарамастан, дәл осы мамандық иелері-құрылысшы, сатушы, жол тазалайтын жұмыскерлер тынбай еңбек етеді. Жұмыс бабымен аязда жүретін азаматтарға қалай көмектесуге болады? Суықтан қалай қорғануы керек? Халық еміне сүйене отырып, біз қыша қағазын, бұрышты бұласыр мен ұнтақталған зімбірді алып, зерттеу жүргіздік.
 
Ол үшін біз күннің суығына қарамастан, жұмысына кіріскен қызметкерлерді іздестірдік. Бірінші болып, бізге жол тазалайтын жұмыскер Төребай Палымбетов кезікті.
 
Төребай аға 8 сағаттық жұмыс күнін далада өткізеді. Суықтан арнайы киімдер ғана қорғайды дейді өз сөзінде ол. Ал біз Төребай ағаның қолына денені қыздыратын қыша қағазын жабыстыруды ұсындық. 20 минут өткен соң әсерін сұрадық.
 
Төребай Палымбетов, жұмысшы:
Келешекте осыны пайдаланатын боламыз. Бұрын білмейді екенбіз. Қыздырып жатыр тұла бойымыздың бәрін. Енді соны пайдаланамыз.
 
Еркебұлан - құрылысшы. 30 градустық аязға қарамастан, таңертеңнен кешке дейін құрылыс нысанында жүреді. Үнемі қимылдап, жаттығу жасап денесін қыздырады. Аяғы жылы болғанымен қолдары мұздайды екен. Еркебұланның қолына денені қыздыратын ұнтақталған зімбірді бердік. 20 минуттан кейін нәтижесін де білдік.
 
Еркебұлан Жаңабергенов, құрылысшы:
Экспиременттің ешқандай қолға әсері болмады. Мына қышаның. Өзім болсам, мазь қолданамын. Ал оны қолданбансаң, адамның беті кәдімгідей үсіп қалады. Күйіп қалғандай болып. Бетке зақым келеді.
 
Таңның атысы, кештің батысы базарда тұратын Надежда Дмитриевна аязды күндері ыстық сүтке бал қосып ішеді екен. Біз ұсынған бұрышты пластырьді Надежда апай табанына қойды. Жақсы көмектесті, дейді зейнеткер.
 
Надежда Поливода, сатушы:
Рас, жақсы көмектесті. Сіздер берген бұласыр аяғымды қыздырып жатыр. Аяқ жылы жүрсе болды, денең де жылы жүреді. Енді осындай әдісті пайдаланатын боламын.
 
Ал маған қалың бөрік те, борсықтың жүнінен тігілген тон да көмектеспеді. Жұмыс күнінің соңына қарай аяғым мұздап, денем жылынбай қойды. Мамандардың айтуынша, аязды күні ең бастысы - дұрыс тамақтану екен. Қайнатылған картоп, анар, мандарин секілді жемістерді пайдаланған абзал. Ал аталарымыз қашанда суықтан жылқы етін жеп, құрт сорпа ішіп қорғанған.
 
Ләззат БЕКТАС
 
 
 
Бөлісу