Басты Жаңалықтар Астанада «Әкелер форумы» өтті

Астанада «Әкелер форумы» өтті

Астанада «Әкелер форумы» өтті. Жиында бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, ата-ананың жауапкершілігі, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігі мәселелері талқыланды.

Астанада 540 мыңнан астам жасөспірім бар. Олардың күнделікті өмірінің басым бөлігі мектеп қабырғасында өтеді. Ата-ана мен мектептің өзара байланысын нығайту мақсатында «Әкелер» форумы ұйымдастырылды. Жиынға бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және есірткінің зиянын түсіндіру үшін арнайы бейнеролик көрсетілді.

Шыңғысхан Қожахметов, Астана қаласы Нұра ауданының әкелер кеңесінің төрағасы:

Біз қазір байқаймыз бұрын жиналыста 4-5 әке келетін, қазір әрбір жиналысқа 50 пайызы әкелер келеді. Осындай көрсеткіштер арқылы біз әкелердің бала тәрбиесіне қатты көңіл бөледі деген сенімдеміз.

Кездесу бейресми форматта өтті. Әрбір қатысушы өз ойын ортаға салып, баланың қалыптасуы мен өсуіндегі әкенің маңызы туралы пікір білдірді. Айта кетейік, қазір Астанадағы «Әкелер одағы» 15 мыңнан астам әкемен жұмыс істейді.

Серік Сейітман, «Отбасы мектебі» білім мен жастарды қолдау қорының директоры:

Әрбір баланың міндетін құқығын білуге бағытталған шараларды кем дегенде жыл соңына дейін 50-ін ұйымдастыруымыз қажет. Кемі 2 мың ата-ана, 5 мың оқушы қамтылу керек. Біз отбасы мектебі білім мен жастарды қолдау қоры әкелер форумымен бірлесіп осы жобаны жүзеге асырып жатырмыз.

Шарада 50-ге жуық әке бала тәрбиесіндегі ұстанымдары туралы айтты. Өйткені әке – отбасының тірегі, бала тәрбиесінің темірқазығы, - дейді қатысушылар.

Бөлісу