Бейсенбіде үш ядролық держава басшыларының саммиті өтеді
Қарашаның 19-да Шэньчжэньде АҚШ, Қытай, Ресей басшыларының саммиті өтеді. Онда ядролық қару мен Иран соғысынан жасанды интеллектіге дейінгі өзекті мәселелер талқыланады. Дегенмен, сарапшылар тараптардың атомдық арсенал жөнінде қандайда бір мәміле жасайтынына күмәнмен қарайды. Ал бірқатар бақылаушылар Трамп, Си, Путин кездесуін әйгілі Ялта конференциясына ұқсатып отыр. Неліктен? Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Мына картинада АҚШ, Қытай, Ресей лидерлері – Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Владимир Путин бірге отыр. «Шэньчжэнь 26» атты портреттің авторы – ресейлік суретші Алексей Сергиенко. Бір қарағанда өнер туындысы 1945 жылы АҚШ, КСРО, Британия жетекшілері қатысқан әйгілі Ялта конференциясын еске салады.
Алексей Сергиенко, ресейлік суретші:
Мен мұны 1945 жылғы Ялта конференциясымен салыстырамын. Сол кезде үш мемлекеттің жетекшілері – АҚШ президенті Франклин Рузвельт, Ұлыбритания премьер-министрі Уинстон Черчилль және Кеңес Одағының басшысы Иосиф Сталин бас қосып, жаңа әлемдік тәртіпті талқылап, бекіткен еді. Содан кейін ірі қарулы қақтығыстарға жол берілген жоқ. Осы кездесуден кейін де солай болады деп сенгім келеді.
Дегенмен Ялта конференциясының нәтижесінде алпауыт ядролық державалардың ықпал ету аймақтары бекітіліп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі әлемдік тәртіптің негізі қаланды. Германия бөлшектеніп, Біріккен Ұлттар Ұйымын құру жоспары жасақталды. Ал «Ялта» деген атаудың өзі ірі мемлекеттердің кішігірім елдерге таңған келісімдердің символына айналды.
Осы жолғы үшжақты саммитте де Украина, Тайвань тәрізді шағын елдердің мүддесі екінші орынға ығыстырылып, олардың сыртынан қандай да бір мәміле жасалады деген қауіп бар.
Чим Ли, энергетика, ЖИ, дипломатия және макроэкономика жөніндегі сарапшы:
Тараптардың бұл процеске қалай қатысатыны және оған қалай дайындалатыны – назар аударарлық жайт. Үш лидер мәселелерді басқалардан жасырын талқылайтындай әсер қалдырып отыр.
АҚШ, Қытай, Ресей президенттері Қытайдың Шэньчжэнінде қарашаның 19-да Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында кездеседі. Бұл мәліметті Ақ үй де, Кремль де растады. Талқыланатын негізгі тақырыптар – ядролық қару, Украинадағы соғыс, Иран мәселесі және жасанды интеллект.
Пентагонның дерегінше, АҚШ пен Ресейдің әрқайсында 5 мыңнан астам ядролық оқтұмсық бар. Қытайда 600 ғана. Сондықтан, кейбір сарапшылардың ойынша, Бейжіңнің атомдық арсеналды бақылау туралы қандай да бір келісімге қосылуы екіталай.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы