Маңғыстау облысының Батыр ауылында 960 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның құрылысына ел бюджетінен 1 миллиард 156 миллион теңге жұмсалған. Осылайша ауыл балары шалғайға қатынап, үш ауысыммен оқу тауқыметінен құтылды. Енді зәулім мектепте оқу сапасын арттыру міндеті тұр.
Батырлықтар бұл күнді көптен күтті. Жаңа мектеп ауылдықтарға биыл жасалған ең үлкен тарту болды. Бұған қоса, жергілікті билік мектепке темір тұлпар сыйлады.
Гүлбаршын 9-шы сынып оқушысы. Бұрын көрші ауылдағы мектепке қатынап оқитын еді. Оқушыларды тасымалдайтын көлікке сыймай, талай жаяу барған күндер енді артта қалды.
Гүлбаршын Мақсатқызы, оқушы:
Мектептің ашылғанына қуаныштымыз. Барлығы жабдықталған, керек-жарақтың бәрі бар.
Мектеп 960 орындық. Заманауи үлгідегі сыныптар, акт, спорт залдары бар. Енді Ақтау қаласы мен басқа да елді мекендерге тасымалмен оқитын 170-ке жуық оқушы осы білім ордасында сауат ашатын болды. Батыр ауылы «Нұрлы көш» бағдарламасы негізінде бой көтерді. Мұнда атамекенін аңсап жеткен 200 отбасы тұрып жатыр. Тағы 500-дей тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Болашақта іргесі одан әрі кеңейе түспекші.
Құралай Нұрманова, мектеп директоры:
Көшіп келушілер көп, аудан жаңа. Аудандағы жағдай жақсарып келеді, ертеңгі күні үш кезеңмен оқуымыз да мүмкін. Себебі қалаға барып жүрген балалардың барлығы жыл аяғына дейін қамтамасыз етіледі.
Бұл – осы ауылда пайдалануға берілген алғашқы әлеуметтік нысан. Халық санының артуына байланысты болашақта дәрігерлік амбулатория, балабақша сияқты мекемелер дебой көтермек.
Жазира ӘБІЛ