Шахмат академиясы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахмат академиясы ашылды

10.01.2014
Шахмат академиясы ашылды
 
Бүгін қазақтың шахмат спортында қос жаңалық болды. Бірі - Алматыда Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясының ашылуы. Екіншісі - шахматтан әлемнің 12-ші чемпионы, халықаралық гроссмейстер Анатолий Карпов пен Жансая Әбдімәліктің сайысқа түсуі. Отандық шахмат тарихында бұрын-соңды болмаған мұндай қадамды - Тұңғыш Президент Қоры ұйымдастырып отыр.
 
Енді шахмат әліппесін танып, шеберлігін  шыңдаймын деген 4 жастан асқан балалар мен жасөспірімдер Жансая Әдбімәлік атындағы шахмат академиясына келетін болады.
 
Жаңа академияның тұсауын әлемнің бірнеше дүркін жеңімпазы, шахмат шебері Анатолий Карпов кесті. Небәрі 23 жасында әлемді мойындатқан гросмейстер дарынды Жансаяға батасын берді.  
 
Жансая Әбдімәлік, Екі дүркін әлем чемпионы, «BRNO OPEN 2013» Халықаралық турнирінің жеңімпазы:
Шахмат үйренемін деуші жастарға біздің академияның есігі ашық. Біз оларға кәсіби түрде шахмат сырын үйретіп, олардың әлемдік деңгейде өнер көрсетулеріне мүмкіндік береміз.
 
Мұнан соң, ҚР Тұңғыш Президентінің Қорында Анатолий Карпов пен Жансая Әбдімәліктің матчы басталды. 4 партиядан тұратын текетіресте ұлтымыздың қаршадай қызы 12-ші әлемдік шахмат тәжін киген хас шебермен тамаша ойнады.
 
Александр Бах, Шахмат Федерациясы қауымдастығының орындаушы директоры, бас төреші:
Меніңше, мына матч өте қызықты өтуде. Қазақстандық шахматшы әлем чемпионымен текетіресе қарсылық білдіруде. Бұл ойын Жансая үшін өте маңызды әрі пайдалы деп ойлаймын. Сайыста ол соңына дейін күресіп, өзінің табандылығын көрсетті.
 
3,5 сағатқа созылған сайыста Жансая 2 партия рапидте де ұтылды. Әйткенмен, қарулы қарсыласын қатты састырды. Ал, 2 блицтің бірінде тең түсіп, екіншісінде жеңді. 13 жасар жас дарынның тәжірибесі мен шебер жүрісіне тәнті болған әлем чемпионы, Жансаяның шеберлігіне оң баға берді.
 
Анатолий Карпов, Шахматтан әлем чемпионы:
Бірінші партияда мені тығырыққа тіреді. Мықты қарсылас, қиын жағдайлардан тез шығып кетеді. Егер ол алда көп тер төгіп, еңбектенсе, биіктерден көрінетініне сенімім мол.
 
 Жансая Әбдімәлік, Екі дүркін әлем чемпионы, «BRNO OPEN 2013» Халықаралық турнирінің жеңімпазы:
Мен үшін бүгінгі мачтың маңызы зор. Әлем чемпионымен ойында кей тұста қиналдым. Әйтсе де, барымды салдым. Бұл кездесуден өзіме мол тәжірибе жинадым.
 
Осындай екі шебердің кездесуі келешек жас шахматшыларға үлгі. Қадамын шахматтан басаған жеткіншектер енді жаңа академияда халықаралық деңгейдегі отандық және шетелдік жаттықтырушылар мен гроссмейстерлерден дәріс алады. Сәтін салса, Жансаяның жаңа академиясы ел мерейін үстем етер шахматшылардың ұстаханасына айналмақ.
 
Жазира ИСАЕВА

Хабарламаларға жазылу