Ақтауда белгісіз біреулер 19 жастағы екі жігітке оқ жаудырып, жаралады. Оқыс оқиға 13 шағын ауданда түнгі сағат 11-лер шамасында болған. Үй подъезінің дәл алдында тұрған екі жігітке белгісіз үш адам келіп, оқ жаудырған. Жәбірленушілер қараңғыда қаскөйлерді көре алмадық,- деп отыр.
Оқ бірінің қолын, ал екіншісінің ішкі құрылысын зақымдаған. Күдіктілер әлі табылған жоқ. Полицейлер шағын аудан аумағын қоршауға алып, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Зардап шегушілерге операция жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, жеткіншектердің денесінен алынған оқ қолдан жасалған. Ауыр жарақаттанғанының өмірі қыл үстінде тұр.
Жәбірленуші:
Подъезде тұр едім 5 минуттай. Үш бала атты да кетті. Машинадан түсті ме, білмеймін, көрген жоқпын ештеңе. Бірге атты, екеумізге бірге тиді.
Медет Жиғанғалиев, облыстық аурухананың хирургиялық орталығының жетекшісі:
Операция кезінде анықталғаны тоқішекке екі рет тиген. Қолдан жасалған бытыра сияқты. Екі оқ болды. Біреуі алынды. Екіншісін бұлшық ет арасынан іздейтін уақыт болған жоқ. Бастысы, денсаулығына еш әсер етпейді.
Жазира ӘБІЛ