Өскеменде жолақы қымбаттауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде жолақы қымбаттауы мүмкін

09.01.2014
Өскеменде жолақы қымбаттауы мүмкін

Өскеменде қоғамдық көлікте жүру ақысы 80 теңгеге көтерілуі мүмкін. Қазіргі уақытта билет құны 60 теңге болып тұр, алайда жолаушы тасымалдаушылар тарифті өзгерту жөнінде өтініш жазған. Қалалық әкімдікте арнайы жұмыс тобы құрылып, қазір бұл мәселе қарап жатыр.

 
«Жол ақысы 80 теңге болмаса, шығынға батып, техниканы жаңалай алмай, мүлдем тұрып қалуымыз әбден мүмкін» деп отыр автобус иелері. Қала тұрғындары, әрине, билеттің қымбаттауына қарсы. Жергілікті биліктің ұстанымы қандай? 
 
Жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер тарифті көтеру туралы өтінішті өткен жылдың соңында жазған. Қазіргі баға шығынды ақтамай тұрғанын айтады. Техниканы жаңалау, жанармай сатып алу және жүргізушілерге дұрыс жалақы төлеу мәселесі күннен күнге қиындап барады, дейді. 
 
Евгений Клейн,  автопарк директорының орынбасары:
Негізі, біз есептегенде тариф 91 теңге болу керек деп шықты. Сонда біз қалыпты түрде жұмыс істейміз. Енді, қалалық әкімдіктен, халықтың жағдайын ескере отырып, жолақы құнын 80 теңгеге көтеруді сұрап отырмыз. Осы бағаны да қанағат қылар едік.
 
Алайда, қала тұрғындары, 91 теңге тұрмақ, қазірдің өзінде 60 теңгені әзер төлеп жүргендерін айтады. Енді 80-ге көтеру деген, еш ақылға сыймайды деген пікірде.
 
Халық пікірі:
Енді 80 теңгені қалай төлейміз? Дұрыс емес.
 
Халыққа ешкімнің жаны ашымайды.
 
Жол ақысын қымбаттауға ешкім келіспейді.
 
Қазақстанның гүлденгеніне біз қуанамыз, алайда жол ақысының қымбаттауы дұрыс емес.
 
Осы мәселе бойынша қалалық әкімдікте арнайы жұмыс тобы құрылған. Мамандар, өздерінің экономикалық есептерін жүргізіп, жолақы мөлшерін өсірудің заңдылығын тексереді. Тасымалдаушылардың да, халықтың да жағдайын жергілікті билік өкілдері жақсы біліп отыр.   Енді «өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын» шешім қабылдау керек.
 
Бұлбұл Бакинова, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:
Бензиннің бағасы, қосалқы бөлшектердің бағасы қымбаттап жатыр. Енді соның бәрін есептей келе, 5 теңгеге көтерсе болады. Бірақ, жалпы көтермеуге тырысу керек қой.
 
Қалалық әкімдіктегі мамандар тариф мәселесін осы қаңтар бойы талқыламақ.   Сосын, шешімдерін қалалық маслихаттың депутаттарына ұсынады. Заң бойынша, соңғы сөзді сол кісілер айтуы тиіс. 
 
 
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу