Жаңажылдық отшашудың қызығы мен шыжығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңажылдық отшашудың қызығы мен шыжығы

06.01.2014
Жаңажылдық отшашудың қызығы мен шыжығы
Кәдімгі түні жұлдыз көктен жерге ақса, Жаңа жыл түні керісінше. Адам біткен аспанға жұлдыз атады. Жұлдыз деп отырғанымыз - салют, фейерверк қой, баяғы. Иә, отшашу - бұл Жаңа жылдың ажырамас бір символына айналған. Осы жаңажылдық символ қанша тұрады, кім қанша шығындайды? Пайдасы қайсы, зияны қандай?
 
Бір. Екі. Үш. Жаңа жыл түнін бала біткен осылай санаумен өткізді. Санап тұрғаны салют.
 
Олжас Бейсенбай, Астана қаласының тұрғыны:
Елу рет атылатынын аласыз да. Ол ешқашан 50 рет атылмайды, 40 рет атылады, ол 19 рет атылуы мүмкін. Сосын сындырасыз да, ішін қарайсыз.
 
Ішінде не барын кейін біле жатармыз. Сол 50 рет атпай қалған салют қалтадағы қанша ақшаны қағып кетті, соған үңілейікші. Есептеп көрейік: Жаңа жыл күні әр адам кемі 500 теңгеге отшашар алды дейік.
 
Сонда қазақстандықтардың фейерверкке жұмсайтын шығыны  15 миллион доллар екен. 
 
Өркен Кенжебек, журналист:
Қазақтардың фейерверкті көп жаратыны соншалық, Қытайдағы өндірушілердің өзі қазақы атпен, қазақтарға арнап фейерверктер жасап жатыр. «Бәйтерек» деген петарда бар. Бағасы 52 мың теңге.
 
Айтпақшы, әлгі 15 миллион доллар 670 адамға үй соғып беруге жетеді екен. Немесе бірнеше аурухана яки бала-бақша тұрғызуға болады. Бір-ақ түнде... Осыншама «байлықты» аспанға атып-атып жібереді екенбіз. Мейлі. Бір реттік көз қуанышы үшін пәленбай мың доллар «тіпай күйсін». Жанды қинайтыны ақша емес. Ойнаймын деп от ұстағандардың опық жейтіні - ашындырады.  Әр жаңа жыл сайын елімізде, 200-дей бала аурухана төсегіне таңылады. Бірінің көзін күйік шалған, бірінің бармағын жұлып кеткен.
 
Ұлан Алтынбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:
Жерде жатқан атылған салютті қолыма ала бергенім сол еді, порох атылып, алдымен қолым жараланды. Сонан соң ұшқын келіп көзіме тиді. Көрмей қалды бір көзім.
 
Бастан құлақ садақа. Салют, фейерверктен жарадар болу ештеме емес. Сұмдық алда. Әлгілердің құрамын қарасаңыз, химиялық қарудан кем емес екен.
 
Бақытжан Базарбек, «ЭКОSOS» ұйымының төрағасы:
Осы петардалар мен фейерверктердің құрамында бояулар мен түстерді шығару үшін мыс және барий сияқты заттар қолданылады.
 
Отшашардың отаны - Қытайда арнайы отшашу ататын орындар бар. Бізге де, фейерверкті аспанға атпас бұрын, осы елдің бұл тәртібін үйренген жөн-ау.
 
Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу