Басты Жаңалықтар Еңбек еленсе, шабыт еселенеді

Еңбек еленсе, шабыт еселенеді

Еңбек еленсе, шабыт еселенеді
Көкшетау қаласына жақын орналасқан Амандық ауылының тумасы Дәурен Ғылымовтың еңбегі еленді. 15 жылдай уақытын музыкалық оркестрді басқаруға арнаған дирижерге «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Бұл атақ ел үшін аянбай тер төгудің арқасында бұйырды дейді, жас қайраткер.
 
Көпбалалы отбасында дүниеге келген Дәурен ауыл механизаторының баласы. Жастайынан ән-күйге әуес болған жас дарын өсе келе, Алматы қаласындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға түседі.
 
Дәурен Ғылымов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Консерваторияда екі бірдей мамандықты меңгердім. Біріншісі - домбыра, екіншісі - оркестр дирижері. Сол консерваторияны бітіргеннен кейін, 1999 жылы жаңа ғана аяғынан тұрып келе жатқан Астанаға шақыртумен көппен бірге менде еңбек етуге келген болатынмын.
 
Әуелгі жылдары Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінде, одан кейін Қазақ ұлттық музыка академиясында сабақ берді. Оқытушылықпен қоса, Астанадағы Мемлекеттік филармонияда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері қызметін де атқарды. Қазіргі уақытта Ақмола облыстық филармониясының қабырғасында Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық музыкалық аспаптар оркестрін басқарады.
 
Валерия Балиева, Ақмола облыстық филармониясының әншісі:
Астанадағы ұлттық академияда студент болып жүрген кезімде, Дәурен Жаңашұлының оркестрді сондай бір шеберлікпен басқарып жатқанын көріп қатты таңғалдым. Қазір Көкшетауда осындай дарын иесімен бірге қызмет етіп жатқаныма қуаныштымын. 
 
Дәурен Ғылымов ұлттық өнерімізді дәріптеп Қазақстан асып, шетелге жиі барады. Әсіресе жаз маусымында үйінде тұрақтайтын сәттер сирек. Талмай, қажымай еңбек етті. Нәтижесінде Нұрғиса Тілендиев атындағы дирежерлар байқауында Гран-при игері атанды. Мәдениет қайраткері атағын иемденді.
 
Өткен жылдың желтоқсан айында «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері» төсбелгісін омырауына тақты. Бұл дәреже шабытыма шабыт қосты. Абыроймен арқалап, ұлттың өнерімізбен елдің атын әлемге таныту үшін аянбай еңбек етемін, дейді дирижер.
 
 
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ
Бөлісу