Атырауда алғаш рет облыс жастарының төлқұжаты жасақталды. Құжатты дайындау барысында жастардың бүгінгі қоғамдық-саяси жағдайға деген көзқарасына, психологиялық көңіл-күйіне, материалдық-әлеуметтік жағдайына зерттеулер жүргізілді. Сауалнамаға облыстың 14 пен 29 жас аралығындағы бір мың тұрғыны қатысты.
Атырау облысында жастар санатына кіретін 158 мың тұрғын бар. Бұл облыс халқының 28 пайызы. Аймақта олардың 11 мыңы жоғары білім алуда. Бес мыңға жуық жас отбасы тіркелген. Әлеуметтік зерттеулер жастардың еңбекке, спортқа, мәдениетке, дінге деген көзқарасы мен бақуатты өмір сүруіне не қажет екендігін анықтады.
Айдын Лұқпанов, әлеуметтанушы:
Төлқұжатты жасақтаудың басты мақсаты - жастардың тіршілігіне толықтай көз жеткізу. Сол арқылы олардың басты проблемаларын анықтап, оны шешуге көмектесу. Себебі, адам өміріндегі ең маңызды кезең оның жастық шағы. Осы кезде білім алады, жұмысқа орналасады, отбасын құрады.
Сауалнама қорытындысына сәйкес, жастардың 17 пайызы материалдық-әлеуметтік жағдайымыз қиын деген. Олардың басты проблемасы тұрақты жұмыс орнын табу мен баспана мәселесі көрінеді.
Ал 60 пайызы бүгінгі өмірлеріне, елімізде жүргізіліп отырған саясатқа дән риза. 2 мың 400 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал төрт мың бір жүзі жұмыссыз ретінде ресми тіркеуде тұр. Бұған қоса, өңірде жастар ісімен шұғылданатын 29 қоғамдық және бірнеше мемлекеттік мекеме тіркелген. Олар түрлі сала бойынша жастарға қамқорлық жасап отыр.
Мейірім Қалауи, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
Жастардың мұғалімдікке, дәрігерлікке, әлеуметтік салаға барғылары келмейді деген пікір толығымен жойылып отыр. Зерттеулердің қорытындысы бойынша жастардың көбі осы әлеуметтік салаларда жұмыс істегісі келетіндігі және бұл салаларға мемлекет тарапынан бұдан да әрі қолдау көрсетілетін болса, жастар әрқашан дайын екендігі бізге білініп отыр.
Сауалнама аты-жөні көрсетілмей құпия жүргізілген. Оған Атырау қаласының 300 азаматы және жеті ауданның әрбіреуінен 100 адамнан қатысты. Оларға 56 бағытты қамтитын сұрақтар қойылған. Зерттеулер нәтижесінде жастардың проблемалары негізге алынып, оларды шешу үшін құзырлы мемлекеттік органдарға ұсыныс жолданатын болады.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ