Баянауылда шаңғы базасы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баянауылда шаңғы базасы ашылды

01.01.2014
Баянауылда шаңғы базасы ашылды
Елімізде туризмді дамыту Елбасы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі. Павлодар облысында туризмді дамытудың кіндік ортасы Баянауыл болмақ.
 
Ал, бүгін Қысқы спорт ойындарын дамыту және балалардың қысқы демалысын көңілді өткізу мақсатында шаңғы базасы және шағын мұз айдыны ашылды. Бұдан бөлек, атқа мініп серуен құру, тіпті, тазы ертіп аңға шығу, бүркіт салудың қызығын тамашалауға болады.
 
Көгенбай шоқысы шаңғы теуіп, шанамен сырғанауға соншалықты қолайлы екенін баянауылдықтар енді біліп отыр. Әсіресе, Оразалы Балғабайдың қуанышы бөлек.
 
Ол шаңғы спорты бойынша аудан намысын қорғап жүрген спортшы. Бірақ, мектеп айналасындағы жазықта шынығатын бала облыс орталығына барғанда қиналатын. Енді таудан төмен сырғанап, шұғыл бұрылыс, тіке ырғу сынды әдістерді меңгереді.
 
Оразалы Балғабай, 6-шы сынып оқушысы:
Менің шаңғымен айналысқаныма 2,5 жыл болды. Осы таудан шаңғы тебу өте қызықты. Ағаларыма осындай жағдай жасап бергендеріне көптен-көп рахмет!
 
Тауға шығатын арнайы көтермелі құрылғы орнатылған. Мұнда шана теуіп, мұз айдынында сырғанауға болады. Табиғатты тамашалаймын деушілерге де таңдау бар. Аэрошана немесе атшанаға мініп серуендеуге болады.
 
Мадина Байдүйсен, 10 шы сынып оқушысы:
Баянауыл бай ел, құтты ел. Әсіресе, жылқыға бай ел. Мен бірінші рет жылқымен серуендедім. Барлық қазақстандықтарды келе жатқан жылқы жылымен құттықтаймын!
 
Болат Рахметов, Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің директоры:
Бұл EXPO-2017-нің бір бөлімі. Сондықтан, біз соған дайындық ретінде осындай жұмыстарды істеп жатырмыз. Одан басқа тазф итпен, бүркітпен аң аулауға мүмкіндік жасаймыз.
 
Баянауылдың тумасы атақты Мәшһүр-Жүсіп Көпеев болжамдары бойынша 2014-ші жылқы жылынан бастап Қазақстан 40 жыл бойы қарыштап дамитын болады. Нағыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» туады.
 
Жұмакелді Дүйсекеев, Баянауыл ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің бөлім басшысы:
Мәшһүр-Жүсіп атамыз өз болжауында 1941 жылы қырғын соғыс болатынын, мынау тың көтеру кезінде біздің қазақ даласы зардап шегетінін, биылғы 14-ші жылқы жылында осы қазақ даласында жақсылық пен қуаныш әкеледі, деп болжап айтып кетті.
 
Тарпаң түлік жылқы - жыл төресі болсын!    
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу