Алматыда Құсбегіліктен II ашық Азия чемпионаты өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Құсбегіліктен II ашық Азия чемпионаты өтті

03.12.2018

Алматыда Құсбегіліктен II ашық Азия чемпионаты өтті

Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған дүбірлі додаға 9 мемлекеттен 100-ден астам құсбегі жиналды. Олар үш күн бойы түрлі сындарға қатысып, сайысқа түсті.

Амангелді Сейітхан, тілші:

Бұл - дәстүрлі бекзат өнерді жанына серік еткен Азияның үздік құсбегілері. Ашық біріншілік болғандықтан, Еуропадан да бүркітшілер келген. Венгрия, Словакия, Италия, Испания, Шотландия, Чехия, Түркия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан және Қырғызстаннан қыран баптап жеткендер көп. Ал, осы жарыста біздің жетпістен астам құсбегіміз бақ сынамақ.

Рахат Жақсыбай, Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:

- Бұдан да көп ел болу мүмкіндігі болған. Бірақ, біз Азия деңгейіндегі жарысты орындап тұрмыз. Алдағы уақытта мүмкін Әлем чемпионаты дейтін дәрежеге жеткізуге болады.

Алғашқы күні құсбегілер «Қыранды қолға қондыру» жарысы бойынша сынға түсті. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, «Бұл өте қиын сайыстардың бірі», - дейді Тәлімбек Айсабекұлы. Жасы жетпістен асқан қария 40 жылдан бері құс баптап келеді. Оның бүркіттері талай додада топ жарып жүр.

Тәлімбек Айсабекұлы, құсбегі:

- Ұлттық дәстүрімізді дамытып, жоғары көтеру - мақсат. Жастарын тәрбиелеп, одан әрі жалғастыру үшін, осылай істеп келе жатырмын.

Жарыс үш күнге жоспарланған. Ертең, бүрсүгүні бүркітті шырғаға түсіру, түлкі мен қоянға салу, қаршыға, сұңқар, ителгімен қоян, кептер ұстау сияқты қызықты бәсекелер өтеді. Ал, жеңімпаздарға қомақты жүлдемен бірге, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағы берілмек.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу