Индонезияда өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтын медаль түсті. Велошабандоз Алексей Луценко 150 шақырымдық топтық жарыста мәре сызығын бірінші боп кесіп, Азия ойындарының чемпионы атанды. Луценконың уақыт көрсеткіші – 3 сағат 25 минут 25 секунд. Бұл жарыста екінші орынды жапондық спортшы жеңіп алса, үздік үштікті Таиланд велошабондозы иеленді. Тас жолдағы топтық жарысқа еліміздің атынан Луценкодан бөлек, Даниил Фоминых, Жандос Бижігітов және Евгений Гидич қатысты. Өкінішке қарай, олар жүлделі орындардан көріне алмады.
Алексей Луценко, Азия ойындарының жеңімпазы:
- Маған жанкүйер болған жерлестеріме көп рахмет. Қолымнан келгенше өнер көрсеттім. Менімен бірге жарысқан командаластарыма да алғысым шексіз. Құрған тактикамыз жүзеге асты. Оның жемісі құрама қоржынындағы алтын медаль.
Сондай-ақ, таэквондошымыз Ерасыл Қайырбек қола медаль алды. Ол 68 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Тағы бір қоланы 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде отандасымыз Әділбек Мусин алды. Ал, мылтық атудың шебері Мария Дмитриенко стендтік ату жарысында 125 балл жинап, қола жүлдені иемденді. Әзірге, Қазақстан құрамасының еншісінде 2 алтын, 6 күміс, 17 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте 12 орындамыз.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.