Бокстан жастар арасындағы ел чемпионаты өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бокстан жастар арасындағы ел чемпионаты өтіп жатыр

01.03.2014
Бокстан жастар арасындағы ел чемпионаты өтіп жатыр

Қызылорда қаласында бокстан жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін 11 салмақта былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға шығып, ақтық сында өнер көрсететін үздіктердің есімдерін анықтады.

 
Телжан Күдеров, тілші:
Сыр елінде керілген шаршы алаң бәсекесінің қорытындысы бойынша алдағы сәуірде Болгарияда өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын құрама жасақталады. Ал әлемдік додада жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынбақ.
 
Қазақтың жас боксшылары әлемдік додадан алтын алмағанына міне он екі жылдың жүзі болды.  Биыл сол олқылықтың орнын Сыр елінде керілген шаршы алаңда шеберліктерімен көзге түскен өрендер толтырмақ. Қаңтарда өткен құрлық біріншілігінде 6 алтын алған жерлестеріміз Болгарияда барын салулары тиіс. Екі жылда бір өтетін әлемдік доданың биыл мәні ерекше. Өйткені сол сында жүлдеге ілінгендерге жасөспірімдер арасындағы екінші Олимпиада ойындарының жолдамалары берілетін болады.
 
Мырзағали Айтжанов, Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
Барлық салмақта бәсекелестік бар. Келешекте Ұлттық құрамаға ілінетін жас боксшылар бар.
 
Өте шиленісті жағдайда өткен жартылай финалдық жепке-жекте төрешілердің жеңімпазды анықтаулары қиынға соқты. Өйткені кілең мықты қарсыластар қолғап түйістірді. Дегенмен де Мирас Ертанов, Сабыр Жолшиев, Шалқар Айқынбай, Мұхамед Мырзатай,  Әбілхан Аманқұл секілді өрендер финалға шықты. Ертең ел чемпиондарының есімдері белгілі болмақ.
 
Телжан КҮДЕРОВ

Хабарламаларға жазылу