Денис Тен елге оралды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Денис Тен елге оралды (ВИДЕО)

24.02.2014
Денис Тен елге оралды (ВИДЕО)
 
Олимпиада жүлдегері жанкүйерлерімен жүздескеннен кейін баспасөз жиынын өткізіп, байрақты бәсекеде алған әсерімен, жиған тәжірибесімен бөлісті.
 
Ел намысын қолдан бермеген ерді Алматы әуежайында жанкүйерлері тағатсыздана күтті. Ұшақ белгіленген кестеден бір сағатқа кешігіп қонғанымен, қазақтың үкілеген үмітін ақтаған спортшыны қалың қауым құшақ-құшақ гүлмен, ерекше ілтипатпен қарсы алды.
 
Денис Теннің «қоласы» - еліміздің мәнерлеп сырғанау спорты тарихындағы алғашқы олимпиадалық жүлде.
 
Жас та болса, әлемнің үздік спортшыларын сан мәрте басып озған Денис «Бұл жеңісіме тоқмейілсімеймін. Керісінше, Сочи Олимпиадасы - алда бағындырар белестерімнің алғашқы баспалдағы. Болашақтағы тартысты жарыстарда алтынға қол жеткізіп, қазақтың атын төрткүл дүниеге таныту -  асқақ арманым»,- дейді ол.
 
Денис Тен, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері:
Бұл жеңіс - тек менің ғана емес, бүкіл қазақ елінің жеңісі. Мұзға шыққан сәтте жанкүйерлердің «Қазақстан, Алға, Денис!» деген қолдауларын естігенде, намысқа тырыстым. Әлі есімде, Ақ Азиада ойындарынан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенің алар асуың әлі алда, болашағың зор» деген. Сочиге жеткенде Елбасының айтқан сөзін, халқымның үкілеген үмітін ақтауға талпындым. Расында, барша халықтан шексіз қолдау сезіндім.
 
Денис Тен ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан еркін бағдарламаны мінсіз орындады. Қос сайыстың қорытындысы бойынша 255,10 ұпай иеленді. Нәтижесінде Қазақстан қоржыны бос қайтпады.
 
 Денис Тен, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері:
Бұл - менің алғашқы Олимпиадам болмаса да, мұзға шыққанда, аздап   қобалжыдым. Әйтсе де, бұрын-соңды көрсетпеген төрт айналым жаттығуымды осы бәсекеде жасағаныма қуанамын. Қазір елімізде спортқа көп көңіл бөлінеді. Бұл жаттығу барысында да, осындай үлкен жарыстарға шыққанда да байқалады. Жалпы, бұл Олимпиада мені жігерлендіре түсті. Тіпті біліктілігіме тәжірибе қосты десем де болады.
 
Қазақстан халқы Денистің мұзға сурет салған өнерін тапжылмай тамашалады, қисапсыз тер төгумен қол жеткізген қола медальді алтынға балады.
 
Әйгерім МУСИНА

Хабарламаларға жазылу