Суды үнемдеуге бөлінетін субсидия 4 есе өсті
Visual Capitalist медиа-платформасы ең жоғары су тапшылығы бар елдердің картасын көрсетті. Қазақстан ең «жүктемесі жоғары» елдердің қатарына кірмейді. Дегенмен бұл бағыт әуелден басты назарымызда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп атап, суды үнемдеу мен тиімді пайдалануды, трансшекаралық өзендерді басқаруды және жаңа су қоймаларын салуды басты міндет етіп қойды.
Қазақстанда ірілі-ұсақты 85 мың су айдыны бар. Бірақ соның тең жартысы - трансшекаралық су. Шамамен 44 пайызы шет мемлекеттерден келеді. Қазақстан қазірдің өзінде суға зәру 68 елдің тізімінде тұр. 2040 жылға қарай мұқтаждық 50 пайызға артады деген болжам бар. Біздегі судың 65 пайызға жуығы ауыл шаруашылығына жұмсалады. Сондықтан үнем әуелі тап осы бағытта күшейтіліп жатыр.
Жәнібек Нәбиев, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің басқарма басшысы:
Мемлекет ынтыландыру үшін суды үнемдейтін кәсіпорындарға жыл сайын субсидия бөледі. Бұрын судсидияның мөлшері 50 пайыз еді, қазір 80 пайызға дейін өсті. Ал ауыл шаруашылығында суды үнемдеуге арналған технологияны қолданбайтындар үшін субсидия он пайызға қысқартылады.
2026-2028 жылдары су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаражат 4 есе ұлғайтылды. Су тапшылығы бойынша көрсетілген картада Қазақстанда 2030 жылға қарай су тапшылығы 10–15 млрд текше метрге жетуі мүмкін делінген. Бұл мәселені бұған дейін Президент те айтты. Сондықтан үнем керек. Әсіресе трансшекаралық су саясатында – дипломатия маңызды. Мысалға, Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері трансшекаралық су объектілерін бірлесіп басқару және рационалды пайдалану туралы келісімге қол қойды. Дегенмен судың қадірін біліп, үнемдеу қарапайым мәдениеттен басталады дейді сарапшылар.
Ермахан Полат, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ақпараттық-талдау орталығының жоба жетекшісі:
Егер де сіз күнделікті тіршілікте тісіңізді жууға суды үнемдейтін болсаңыз, жылына орташа есеппен 6 300 литр суды үнемдейсіз. Ал сенсорлы экранды қолданатын болсақ, жылына 4 500 литрге дейін суды үнемдейміз.
Елімізде су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акциялар ұйымдастырылып жүр. Былтыр сондай шараларға 2 миллионнан астам оқушы қатысты.
Раяна Темірбекова, мектеп оқушысы:
Біз су клубында өзімізден кіші оқушыларға суды үнемдеу, оны дұрыстап қолдану туралы экосағаттар өткіземіз. Сонымен қатар біз брошюралар таратып, оқушыларға біздің клубымызға қосылуға ұсыныс тастаймыз.
Сарапшылар су мұнайдан қымбат болатын заманның алыс емес екендігін айтып, дабыл қағып жатыр. Қазірдің өзінде әлем халқының 40 пайызында ауызсу тапшы деген ақпарат бар. Сондықтан мектептерде өткізіліп жатқан осындай танымдық әрі тәрбиелік мәні бар шаралардың өзі үлкен мәселенің бір шешімі. Судың қадірін білген буын ғана оны сақтаудың жолын іздейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы