Сочи Олимпиадасы аяқталуға жақын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сочи Олимпиадасы аяқталуға жақын

21.02.2014
Сочи Олимпиадасы аяқталуға жақын
 
Сочи Олимпиадасы аяқталуға жақын. Әзірге қоржынында 1 қоласы бар Қазақстан 25 орында тұр. Бүгін еліміздің турнир кестесіндегі орнын өзгертуге бір мүмкіндігі бар.
 
Индира Бектенова, тілші:
Сочиде спортшыларға арналған   үш ауыл бой көтерген. Қара теңіз жағасындағы 72 гектар жерді алып жатқан мына қалашық Усадьба деп аталады. 47 ғимаратта хоккей, керлинг, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру және шорт-тректе бағын сынап жатқан  спортшылар  тұрады. Олардың қатарында қазақстандықда саңлақтар да бар.
 
Олимпиада ауылында шорттрекшілердің бөлмесі шеберханаға айналған. Спортшылар осында конькилерін майлап, қайрайды. Жауапты сынға тек спортшының өзі ғана емес, оның құралы да сақадай сай болуы тиіс. 
 
Бүгін Астана уақытымен сағат 00.18 де шорттрекшілеріміз Олимпиада медалі үшін  бәсекеге түседі. 5000 метр қашықтықтағы эстафета сайысында ел құрамасының жүлдеге ілігуге мүмкіндігі бар. Финалда тек 5 команда.
 
Аслан Даумов, шорт-тректен Ұлттық құрама мүшесі:
Жанкүйерлердің қолдауы керемет. Ел үмітін ақтау үшін барымызды саламыз.
 
Денис Никиша, Аслан Даумов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжіғалиев, Айдар Бекжанов - сайдың тасындай іріктелген саңлақтар. Дәл осы жігіттер бүгін ел намысын қорғайтын болады. 
 
Айдар Бекжановтың бұл екінші Олимпиадасы болса, қалғандары Қысқы ойындарда алғаш рет бағын сынап тұр.
 
Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен Ұлттық құраманың бас бапкері:
Үш жыл ішінде 5 мың баланы бақыладық. Оның ішінен 50-60 баланы іріктеп, дайындай бастадық. 12 жылдан кейін 5 спортшы қалады.
 
А тобында жерлестеріміздің қарсыласы - Ресей, Қытай, Нидерланд және АҚШ өкілдері болмақ. Б тобында Италия, Канада, Корея құрамалары өзара шеберлік байқасады. Бүгінгі бәсекеде қазақстандықтардың асығы алшысынан түсіп, жерлестерімізге медаль бұйырсын, деп тілейміз.
 
Индира БЕКТЕНОВА

Хабарламаларға жазылу