Басты Жаңалықтар Шерудің кесірінен Бельгияда әуе рейстері тоқтады

Шерудің кесірінен Бельгияда әуе рейстері тоқтады

Бельгия астанасы Брюссельде жалпыұлттық шеру өтіп жатыр. Халық үкіметтің қатаң үнемдеу шарасына қарсылық білдіруде. Брюссельден әріптесім Нұрсұлу Қасым бізбен байланыста. Нұрсұлу, бүгін осы ереуілге байланысты Бельгия әуежайларынан ұшатын барлық рейс кейінге шегерілгені рас па?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Иә, бүгін Бельгияның әуе кеңістігі жабық. Елдің Брюссель, Шарлеруа, Льеж, Остенд қалаларының әуежайларынан ешқандай ұшақ ұшып, қонып жатқан жоқ. Себебі әуе қозғалысын басқаратын компанияның әуе диспетчері жұмысқа шықпай, наразылық акциясына қатысып жатыр. Біз қазір ел астанасы Брюссельдегі Завентем әуежайында тұрмыз. Бүгін осы жерден 430 рейс тоқтап, 60 мың адам жолынан қалды. Жолаушылар сабылып жүр. Сұхбатты бірге тыңдайық.

Альберто Фолькони, жолаушы:

Мен бүгін Италияға оралуым керек еді. Ұшақты ертеңге шегерді. Енді мен Брюссельден Прагаға, Прагадан Мюнхенге, сосын барып Римге жетемін. Үш ұшақ ауыстыруым керек. Сұмдық қой. Қонақ үйді бүгін өз ақшама сатып аламын.

Ереуілдің кесірінен бүгін ел бойынша қоғамдық көлік қатынасы қиындады. Брюссельде метроның тек екі желісі ғана істеп тұр. Шеруге шыққан мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, зейнеткерлер үкіметтің қатаң үнемдеу саясатына қарсы. Сарапшылардың мәліметінше, Бельгияда бюджет тапшылығы 33 млрд еуро. Биліктегілер жәрдемақы, зейнетақыны қысқарту арқылы 10 млрд еуро үнемдемек. Бірақ Премьер-министр Барт де Бевер  бюджетке қатысты үкімет мүшелерімен ортақ мәмілеге келе алмай, осы айдың басында отставкаға кетуге өтініш білдірген. Алайда Бельгия королі Филипп өтінішті қабылдамай, Премьер-министрге келіссөздерді қайта бастауға тапсырма берді. Бүгін үкімет мүшелері бюджетті үнемдеу бойынша тағы да бас қосады, әріптес. 

Бөлісу