Басты Жаңалықтар Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін мемлекеттік наградамен марапаттады

Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін мемлекеттік наградамен марапаттады

Еңбек еленді. Бүгін Мемлекет басшысы ата кәсіпті абыроймен атқарып жүрген жандарға Ақордада алғысын білдірді, құрмет көрсетті. Еңбегімен елге танылған азаматтардың тұрмысымен Жақсылық Жасұланұлы танысып қайтты.

Соңғы кезде малшы табу машақатқа айналған еді. Өйткені ата кәсіптің қиыншылығына шыдап, шаруаның басын құрап іс қылатындар аз. Ал Рүстем Ахметжанов болса 10 жылдан бері мал бағып келеді. Төрт түлігінің қоңы құтайса көңілі жадырап сала береді. Қазір 1100-ге жуық ірі қараны бір өзі өңгеріп жүр. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында еңістегі тасы өрге домалаған.

Рүстем Ахметжанов, «Қапшағай МТС сервис» ЖШС жұмысшысы:

Бұрынғы 10 жылмен салыстырғанда қазіргі жағдай өте ыңғайлы бізге. Өйткені өкіметтен көмектер «Игілік» бағдарламасы бар, «Ауыл аманаты» деген бағдарламалар бар. Сол бағдарламалардың күшімен біраз адамдар шаруашылық ашып, шаруашылықтарын әрі қарай дамытып, дөңгелентіп келе жатыр. Бізге болашаққа деген сенім береді.

Шыбық ексең, шынар болып өсетін Жетісу облысында да шаруасын ширатқандар көп. Жұмаш Тезекбаев сонау 1991 жылы тақыр жерге дақыл еккен. 20 гектардан басталған кәсібі 1000-гектарға жетіпті. Алып алқапқа қызылша мен жүгері егіп, жаз айларында 40 адамды жұмыспен қамтиды. Еңбегімен жер емген ел ағасы, бүгінде молшылыққа кенелген.

Жұмаш Тезекбаев, «Егемендік» ш/қ жетекшісі:

Президентіміздің арқасында сол кісінің әйтеуір техникамыз бар, субсидияға трактор алып жатырмыз. Қытайлық Зумлионды алдық. 92,95 екі тарктор, 3 камазымыз бар. Жеңілдетілген несие алып жүрмін мысалы. Соның арқасында әйтеуір жаман емеспіз. Еңбек етем деген жастарға жұмыс көп. Жетеді. Тек қана ерінбеу керек.

Дайын өнім жасауды дамудың даңғыл жолына салған Ақтөбелік кәсіпкер Қуаныш Есжанов. Бүгінде 60 түрлі сүт өнімін шығарып, отандық өндірістің көшін өрге сүйреп келеді. Жеңілдетілген несиенің арқасында сауынды сиырды 2600 басқа көбейтуді көздейді. Тың технологияны енгізгелі кәсібінің тынысы кеңейіп жатыр.

Қуаныш Есжанов, «АИС» ЖШС директоры:

Еуропа технологиясын, АҚШ технологиясын қондырып жатырмыз өндіріске. 25-інші жыл біздің сауын сиырлар жылына 12 мың тонна сүт берді. Ол ең жоғары показатель Қазақстан бойынша.

Табанды еңбектің  арқасында табысы құтайған жандар да, алып алқаптардан алапат өнім алған да, кәсібіне қажыр қайратын салған да құрметке лайық.

Бөлісу