Басты Жаңалықтар Ғалымдар сыни ойлауды дамыту жолын ұсынды

Ғалымдар сыни ойлауды дамыту жолын ұсынды

Қоғамның дамуы тек технологиялық жетістіктермен өлшенбейді. Тұрғындардың ойлау қабілеті, сыни көзқарасы мен жаңа идеяларды ұсына білуі де маңызды. Бұл туралы Алматыда өткен ғылыми конференцияда айтылды. Кездесуде ғалымдар ғылымның дамуы және жаңа технологиялардың адам санасына әсерін талқылады. Одан бөлек жасанды интеллектінің мүмкіндіктері, ақпаратты дұрыс саралау мен сыни ойлауды қалыптастыру мәселелері сөз болды. Жиында сөз сөйлегендер адамның өз бетінше ой қорытып, кез келген мәліметке талдау жасай білуі қажет екенін атап өтті. Ғылыми басқосу философия ғылымдарының кандидаты, ғалым Асқар Лесханның 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жиын IV Қазақстандық философия конгресі аясында өтті. Онда ұсынылған баяндамалар электронды жинаққа енгізіледі.

Асқар Лесхан, философия ғылымдарының кандидаты:

Жасанды интеллект кезінде ең басты нәрсе осы ойлауға келіп тіреледі. Өйткені дұрыс ойлай білетін, дұрыс бағытта ойлайтын адам ғана жасанды интеллектіге өз командасын бере алатын жағдайда болады. Сондықтан да ойлау мәдениетін зерттеу, оның қыр-сырын ашу бүгін үшін өте маңызды деп ойлаймын. 

Берік Аташ, философия ғылымдарының докторы, профессор:

Жаңа ой туғызатын формулалары, оның бірнеше формулаларын шығардық. Соны енгізген жағдайда кез келген адам жаңа идея, жаңа ой тудыруға мүмкіндігі бар. Ол тек қана талант пен интеллектуалдылыққа байланысты емес. Оған жасанды интеллект те барлық адамда жаңа ой тудыра алады деген алғышартты негізге алдық.

Бөлісу