Басты Жаңалықтар Қытай адам тәрізді робот өндірісін арттырды

Қытай адам тәрізді робот өндірісін арттырды

Қытай 100 мың дана адам тәрізді робот шығарады. Бұл меже жыл соңына дейін жүзеге асырылады. Бұл туралы елдің өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігі ресми мәлімдеді. Барлық модель тұрмыс-тіршілік пен өндіріске икемді етіп жасалады. Көрші мемлекеттің үкіметі бұған ерекше мән беріп қаржыландыру көлемін ұлғайтты.  Әйгерім Ермұханқызының бейнесюжеті.

Әйгерім Ермұханқызы, тілші:

Қазір Қытайда кез келген электрондық дүкенде роботтар толып тұр. Мәселен қараңыз мынау төрт аяқты робот, міне мұнда сұраққа жауап беретін көмекші. Ал мұнда адам тәріздісі тұр. Айтпақшы, кейінгі кезде бұған сұраныс өте жоғары. Бағасын қараңыз ең үлкені 98 мың юань. Бұл біздің теңгемен шамамен 6,8 миллион теңге.

Мына роботтың аты «Бын-бын». Адамның айтқанын бұлжытпай орындайды. Зеріксең әңгімелесіп көңіліңді көтереді. Қажет болса оққағар да бола алады. Гуманоид робот Ұлттық арнаның көрермендері үшін өнерін көрсетті.

Әйгерім Ермұханқызы, тілші:

Жасанды интеллект арқылы кез келген бұйрығыңызды орындайды. Мына жігіттер қазір бізге қандай қимыл жасай алатынын көрсетуге келісті.  

Қытай қазіргі уақұытта жетілдірілген роботтарды көбейтіп жатыр. Биылдың өзінде оның өндірісі үш есе артты. Бұл қарқынмен кете берсе келешекте Қытайда адамнан робот көп болатын тәрізді.  Өйткені көрші мемлекеттің үкіметі қаржыландыру көлемін ұлғайтты. Тіпті роботтарды мұнда адамдар құрастырып жатқан жоқ. Бұлар өзін-өзі өндіретін деңгейге жеткен.

Чжан Шаоюй, ғылыми зерттеу орталығының қызметкері:

Жылдан жылға роботтардың шапшаң, аса дәлдікпен жұмыс істейтін түрлеріне сұраныс артып келеді. Мәселен, 2023 жылы адам мен роботтың өзара әрекеттескен технология жоғары сұраныста еді енді биылдан бастап ақылды бионикалық және адам тәрізді роботтарға сұраныс өсіп келеді. Тауар 148 мемлекет пен аймаққа шығарылып жатыр. Ең көп сатылатын өндіріске икемделген құлтемірлер.

Бүгінде Қытайда роботтардың 400-ден астам моделі бар. Олар өнеркәсіп, логистика, сауда және тұрмыстық қызмет көрсету сияқты сан алуан  салаға еніп отыр. Тіпті роботтар өз-өзін өндіретін деңгейге жетті.

Ван Вэймин, Қытайдың өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің бас инженері:

Жасанды интеллект. Бұл өнеркәсіптік трансформацияны  жеделдетуге ықпал етті. Дәстүрлі өндірісті өзгертіп жаңа модельдерді қалыптастырып отыр. Әлемде сұраныс өсті. Статистикалық өсім ай сайын өзгеруде. Өйткені біздің роботтар арзан әрі қол жетімді.

Қытай робот өндірісі бойынша дүниежүзі нарығында 13 жыл қатарынан алда келеді. Айта кету керек, өткен жылы ғана қытайдың роботөндіруші кәсіпорындарының басым бөлігі импортқа тәуелді еді. Қалыптасқан геосаяси жағдайда қытайлық өндіріс орындары техникалық мүмкіндіктерін жетілдіруге күш салып қысқа уақытта таза өз өнімдерін экспортқа шығара бастады.

Бөлісу