Атажұртқа оралғандарға қолдау көрсетіледі
Биыл тоғыз айда еліміз бойынша 8 мың 769 қандас Қазақстан азаматтығын алған. Тарихи Отанына оралғандардың елге сіңісіп, қоғамға тез кірігуіне бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының жұмысы ерекше. Мысалы Семейде құрылған қоғамдық бірлестік келген ағайынға тіл үйретіп, құжат рәсімдеуде жәрдемдеседі. Азаматтық алу мен жұмысқа орналасуда көмек береді. Соның нәтижесінде өңірге көш түзегісі келетіндердің қатары артқан.
Ақжарқын Амангелді Қытай Халық Республикасынан келген. Шәкәрім университетінде журналистика мамандығы бойынша дайындық бөлімінде оқып жүр. Бұрын төте жазумен білім алған. Сондықтан бейімдеу орталығына келіп жазу үйреніп, құқықтық кеңеске жүгінген.
Ақжарқын Амангелді, Семей тұрғыны:
Қазақ тілін жетік меңгеріп жатырмын. Жазуды үйреніп жатырмын. Біз шет ел азаматшасы болғандықтан қазір көбісі жазуды білмейді. Осы жаққа келгеніме қазір бір айдан асты. Және осы орталықтан алфавит бойынша бәрін басынан бастап үйретіп жатыр. Ықтияр хат туралы кеңестер алдық.
Семейдегі қандастарды бейімдеу орталығы 2010 жылдан жұмыс істейді. Биыл оның қызметіне 325 адам жүгінген. Атажұртқа келгендерге азаматтық алу тәртібі түсіндіріліп, құжат рәсімдеу, электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалану, тіл үйрену және құқықтық кеңес беріледі. Сондай-ақ азаматтық алуға қажетті тестілеуге дайындайды.
Айнұр Тәбілтай, «Оралмандарды бейімдеу орталығы» ҚБ жетекшісі:
Біз үшін қарапайым әрекеттер. Электронды пошта дегеннің өзін білмегендіктен, ол кісілерде тіркеу бойынша ол бір үлкен мәселе деп түсінеді. Көп жағдайда белгісіздік, білмеу үлкен кедергі әкеледі. Соның барлығын ашып көріп, не дүние екенін.
Биыл жаңа пилоттық жоба іске қосылды. Оған сәйкес, қандас мәртебесі бес жылға беріледі. Оны иеленгендерге көшу субсидиясы, тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеуге материалдық көмек бар. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу сертификатын алуға болады.
Ерсін Құдайбергенов, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары:
Жыл басынан 137 адам қандас мәртебесін алды. Мемлекет тарапынан берілетін барлық қаржылай көмек уақытында ұсынылуда. Облысқа көшіп келген қандастар арасынан 22 отбасы тұрғын үй сертификаты табысталып, тұрғын үй сатып алды.
Абай облысында жыл басынан бері 340 адам қандас мәртебесін алған. Олардың 218-і Қазақстан азаматтығын иеленді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы