Үш жылдық мораторий: Кәсіпкерлер мемлекет қолдауына үміттенеді
Шағын бизнес – өңір экономикасының маңызды тірегі. Кәсіп ашып, оны дамытуға ниетті азаматтар үшін мемлекеттік қолдау бағдарламаларының маңызы зор. Ал кәсіпкерлерді алаңдататын мәселелердің бірі – түрлі тексерістер мен әкімшілік кедергілер. Осы орайда Президенттің шағын және микро бизнеске үш жылдық мораторий жариялау бастамасы кәсіп иелерінің үмітіне айналып отыр. Атыраулық кәсіпкерлер бұл шешім кәсібін кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді. Толығырақ бизнес өкілдерімен тілдесіп қайтқан әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіттің бейнематериалында.
Мемлекеттен қолдау алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі – Анар Жүсіпова. Бір ауыл-бір өнім жобасы аясында 5 миллион теңге грант ұтып, қазақтың ұлттық тағамдарын сублимат әдісі арқылы дайындауды бастаған. Артықшылығы ұзақ сақталады, сұраныс та жоғары.
Анар Жүсіпова, кәсіпкер:
Грант ұту арқылы мен өзіме бұрынғыдан үлкен аппарат алып, өнімімді одан әрі көбірек шығару үшін жұмыстанып жатырмын. Өйткені қазір бұл өнімдерге сұраныс өте жоғары болғандықтан үлгермей жатырмыз. Енді алдағы уақытта одан да көбірек шығаратын боламыз.
Ал Сәнім Башенова құлсарылықтарға өзінің дәмді шұжықтарын дайындайды. Балаларына табиғи, таза өнім даярлағысы келген әу бастағы хоббиі бүгінде кәсіптің көзіне айналған. Ол президент жолдауындағы мораторий жариялау туралы бастаманы қолдайды. Өйткені салада біраз кедергілер бар.
Сәнім Башенова, кәсіпкер:
Налог деген бар айналамызда, жан-жақтан көптеген қиыншылықтар бар негізі. Тексеріс көбейіп кетті. Бізге 3 жылдық мораторий берсе өзімнің кәсібімді дөңгелетемін деген ойдамын.
Бұған дейін жарияланған үш жылдық мораторий кезінде Атырау облысында бизнес өкілдерінің саны артып, жаңа кәсіпкерлік нысандар ашылған. Бүгінде аймақта 57 мыңға жуық кәсіпкер тіркелген. Сол арқылы 125 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Биыл 1800 кәсіпкердің бастамасын қолдау мақсатында бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген.
Данияр Орынбасаров, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
Бизнес аймақ деген бағдарламамыз бар. Іскер аймақ бағдарламасы, Атырау өнімі бағдарламасы бар. Бұл жобалардың бәрі өндіріске бағытталған. Бірақ кейбір программалар ауыл шаруашылығын дамытуға, туризмді, балық шаруашылығын дамытуға бағытталған жобаларымыз бар. Қазіргі таңда олар жұмысын істеп жатыр.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Мемлекеттік қолдау кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, өңір экономикасына үлес қосып келеді. Дегенмен, кәсіп иелерін алаңдататын мәселе де аз емес. Өткен жылдың өзінде Атырау облысында жоспардан тыс 700-ден астам тексеріс жүргізілген. Сондықтан кәсіпкерлер шағын және микро бизнеске үш жылдық мораторий жариялау бастамасы нақты қолдау тауып, өз ісін кедергісіз дамытуға мүмкіндік береді деп үміттенеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы