«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталды
Сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен «Самұрық-Қазына» Қорының басқарма төрағасы мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы қамауға алынды . Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. Екі ірі компания басшысының бір күнде ұсталуының астарында не жатыр? Топ менеджерлерді не байланыстырады? Бұл туралы бізбен тікелей эфирге қосылғалы тұрған тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтуға дайын.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бүгінгі күн ақпарат алаңын дүр сілкіндіргендей. Еліміздің стратегиялық автивтерін басқарған екі топ менеджер, нақтырақ айтсақ, «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев пара алды деген күдікке ілініп, ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметіне сай, қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бүгін әлеуметтік желіде «Атлант» тұрғын үй кешенінің ауласында шабаданға салынған ақшаның жерде шашылып жатқан видеосы тарады. Дегенмен бұл ақшаның күдіктілерге қатысы бар-жоғын әзірге ешбір құзырлы орган растамады. Еске саламыз, 48 жастағы Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына 2023 жылдың 3 сәуірнен бастап басшылық етті. Ал Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын не бары 4-ақ ай басқарды. Ендігі туындайтын заңды сұрақ - бір күнде ұсталған қос күдіктіні не балйаныстырады? Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтің еңбек жолдары үш рет тоғысқан. Алғаш рет 2009 жылы «Тау-Кен Самұрықта» бірге жұмыс істеген. 2021 жылы KIDF компаниясында Жақыпов басқарма төрағасы, Отыншиев оның орынбасары болған. Ал 2023 жылы екеуі «Самұрық-Қазына» қорына қатар келді. Жақыпов қорды басқарса, Отыншиев стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор қызметін атқарды. Ескеретін маңызды жайт - мұны кезекті қылмыстық іс ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл жолы сөз ел экономикасының маңызды салаларына жетекшілік еткен, стратегиялық шешімдер қабылдаған жоғары лауазымды тұлғалар туралы болып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы