Басты Жаңалықтар Цифрландыру үрдісі қоғамдық мәдениетке де әсер етеді

Цифрландыру үрдісі қоғамдық мәдениетке де әсер етеді

Цифрландыру адамдардың қарым-қатынас жасау тәсілін өзгертіп, қоғамдық мәдениетке де әсер етіп жатыр. Бүгінде көпшілік бетпе-бет кездесуден гөрі әлеуметтік желілер арқылы байланысуды жиі таңдайды. Мұндай өзгерістер қоғамдық ортадағы әдеппен қатар, цифрлық мәдениетті сақтаудың да маңызын арттырды. Алайда мамандар мәдениетті қоғам қалыптастыру үшін тек адамдардың этикасына мән беру жеткіліксіз дейді. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекованың пікірінше, тұрғындардың мәдени деңгейін көтеру үшін театр, музей секілді мәдениет ошақтары қаланың шеткі аудандарында да қолжетімді болуы қажет. Ал мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстайтын ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен отбасынан басталады. Сондықтан маман бала тәрбиесінде рухани құндылықтарға басымдық беру керектігін айтады.

Айсұлу Молдабекова, әлеуметтанушы:

Сорбонна университетінің қабырғасында жазғандай, ата-ана бермеген мәдениет, білімді университет бере алмайды. Біз отбасындағы балалардың рухани тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Себебі бүгінде цифрлық қоғамда балалардың тәрбиесі, олардың рухани жетілуі кешеуілдеп жатыр. Рухани тоқ баладан мәдениетсіз бала шықпайды.

Бөлісу