Басты Жаңалықтар Қоғамдық сананың дұрыс қалыптасуына әр азамат жауапты

Қоғамдық сананың дұрыс қалыптасуына әр азамат жауапты

Отанды сүю – отбасынан басталады. Өкініштісі - Мемлекеттің рөлі мен міндеттерін жете түсінбей, қоғам дамуына кері әсер ететін көзқарастар мен стереотиптер ара-тұра болса да кездесіп жатады. Әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпараттарға сеніп, теріс пікір қалыптастыратын да солар. Психологтар мен педагогтар мұндай құбылыстарды болдырмау жолдарын айтып берді.

Алдымен қоғамда кездесетін қате түсініктердің не екеніне тоқталсақ. Бұл – адамдарды ұлтына, жынысына және әлеуметтік жағдайына қарап бағалау. Белгілі бір ерекшеліктеріне байланысты кемсіту. Жалған немесе тексерілмеген ақпараттарға сеніп, теріс пікір қалыптастыру да осы санатта. Психолог Гүлсезім Құсайынованың айтуынша, қоғамда өз сәтсіздіктерін өзгеден көретіндер мен әлеуметтік мәселелерге бейжай қарайтындар бар.

Гүлсезім Құсайынова, психолог:

Психологиялық тұрғыдан алатын болсақ, бұл қате көзқарастардың қалыптасуы әртүрлі мәселелерге байланысты. Ең бірінші - отбасының тәрбиесіне. Адамдағы сенімсіздік пен қорқыныш, ол да шындықты қабылдай алмауына әсер етеді. Содан кейін ақпараттың бұрмалануы, әлеуметтік желілер ақпаратты саралауына әсер етеді.

Әлеуметтік желінің әсерінен әлекке түсіп жүргендер қаншама. Шынайы ақпаратты жалған мәліметтерден ажырата алмаудың соңы өкінішке әкелуі мүмкін. Қате түсініктердің қалыптасуына айналадағы адамдар да әсер етеді. Өйткені адамдар  кейде өз ортасының пікірін тексермей қабылдауға бейім.

Нұрболат Қуантайұлы, журналист:

»Қарнымыз ашиды», көзіміз шалып қалып жатады, мұнда жалған ақпараттарды, шындыққа жанаспайтын ақпараттарды көптеп кездестіреміз. Бұл, әрине, халықтың көзқарасын, санасысын улауға әсіресе кері әсер етіп жатады. Сондықтан бұдан шығатын жалғыз жол - оқырмандар ресми сайттарда жарияланған ақпараттарға сүйенсе деген ойдамын.

Қате түсініктерді жоюдың негізгі жолының бірі – сапалы білім беру. Оқушылар үлкен өмірге қадам баспай тұрып, сыни ойлауды, ақпаратты дұрыс талдауды үйренуі керек. Бұл пікірді тәжірибелі ұстаздар да құптайды. Дегенмен тәрбиеге ең алдымен ата-ана жауапты. Елге, туған жерге, адамдарға деген құрмет отбасынан басталуы керек.

Қайрат Сұлтанов, тарих пәнінің мұғалімі:

Әр нәрсеге, ондайға ермеу үшін балаларға ең бірінші тапсырма– біліммен қоса тәрбие бірге жүру керек. Тәрбиеміз қазақтың менталитетімен берілуі керек. Сосын зумер заманы деп жатырмыз, зумер заманына сай мемлекет те соны ескеруі керек.

Қоғамдық сана дұрыс қалыптасуы үшін әртүрлі ұйымдар, еріктілер қозғалысы, бұқаралық ақпарат құралдары және білім беру мекемелерінің бірлесіп жұмыс істеуі маңызды. Елдің тұрақтылығына, адамдар арасындағы түсіністікке әр азамат жауапты екенін ұмытпағаны абзал.

Бөлісу