Ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін көтеріледі
Келер жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жариялаған Жолдауында осылай деді. Президент әлеуметтік жәрдемақыларға да қатысты өз пайымын білдірді. Жолдауда қаузалған осы және өзгеде әлеуметтік мәселелерді Раушан Сайлауқызы рет-ретімен.
Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге көтеріледі. Бұл өзгеріс 1,8 млн адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді. Экономистердің болжамынша, бұл халықтың әл-ауқатын жақсартады.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Инфляцияны тежейтін өзінің артықшылығы бар. Еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді және де шағын кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасайды. Жалпы, Президенттің бұл қолдауы көптеген азаматтарға өмір сүру деңгейін көтеруге және де кәсіпорындардың дамуына жағдай жасайтын фактор.
Президент: Ұстаздарды басы артық жұмыстардан босату керек
Мұғалімдерге дөрекілік көрсететін жағдайлар көбейген. Президент мұғалімдердің абырой-беделін қорғау мәселесін құзырлы министрлікке тапсырды. Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек, деді Президент. Бұрын қағазбастылық көп еді. Енді оның орнын түрлі платформаларға, цифрлық жүйелерге енгізілуге тиіс есептер басып отыр.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Ұстаздарымыздың қағазбастылығынан арылтуға байланысты Оқу-ағарту министрлігінің алдына нақты міндет жүктелді. Өздеріңізге белгілі, біз білім жүйесіне ЖИ енгізуді бастап кеттік. Сондықтан да осы ЖИ технологияларын енгізу арқылы мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, уақытын шығармашылыққа арнау бағытында жүйелі жұмыс атқарудамыз.
Ерекше балаларға арналған инфрақұрылымды көбейту қажет
Қазақстанда инклюзивті білім алатын 237 мыңнан астам бала бар. Олардың саны жылдан жылға артып барады. Президент Үкімет әкімдермен бірлесіп, осы салаға қатысты инфрақұрылымды көбейтуді тапсырды. Әрі маман тапшылығын азайту және ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмысын да жүйелеу қажеттігіне тоқталды.
Екатерина Смолякова, ҚР Құрылтайының депутаты:
Құрылыс жылы аясында оңалту орталықтары, түзету орталықтары, балаларға арналған инфрақұрылым, жаңа мектептер, жаңа перинаталды орталықтар, ерте диагоностикалауға арналған медициналық орталықтар ашылады. Бұл әлеуметтік сала үшін үлкен жетістік болайын деп тұр.
77 мың медициналық қызметкердің жалақысы 40 пайызға өседі
Сондай-ақ келер жылдан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін өседі. Бұл өзгеріс учаскелік және жалпы практика дәрігерлері, алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін орта буын медицина қызметкерлері секілді 77 мың қызметкерге қатысты. Енді жалақы көлемі қызметкердің лауазымына, еңбек өтіліне және жұмыс істейтін жеріне байланысты белгіленеді.
Президент: Мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуі тиіс
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы деді. Қазір қоғамда осы тақырыпқа қатысты қызу талқы жүріп жатыр. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың жағдайын мейлінше ескере отырып жүргізілуге тиіс, ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек, деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы