Басты Жаңалықтар Ауыл тұрғыны 500 қойын 20 мың басқа жеткізді

Ауыл тұрғыны 500 қойын 20 мың басқа жеткізді

Жамбылдағы Меркі ауылының тұрғыны қорасындағы 500 қойын 20 мың басқа  жеткізіп отыр. Мал иесі Берік Егембердиев бұл жетістікке мемлекет қолдауымен қол жеткіздім дейді. 62 жастағы шаруа 1 млрд теңге несие алып, қой санын көбейткен. Президент Жолдауда биыл ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау 1,5 трлн теңгеге жеткенін айтты. Осындай игіліктің арқасында кәсібін көркейткен малсақ тұрғынмен Данияр Әлімқұл тілдесіп келді.

Бүгінде 60-тан асқан Берік Егембердиев қой шаруашылығын 43 жасында қолға алған. Әке жолын қуу үшін құқық қорғау саласындағы қызметін тастап, ауданнан ауылға келеді. Сөйтіп 19 жыл бойы мал соңында жүреді. Кәсібін 500 қойдан бастаса, бүгінде 20 мың басқа жеткізіп отыр. Мың сиыры мен 500 жылқысы тағы бар.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Мына ен даланың төсінде Еділбай қойы еркін жайылып жүр. Қазақтың төл тұқымы қақаған қысқа төтеп береді, шілденің шіліңгіріне де төзімді. Сондықтан кәсіпкер бабымен бағып, еңбектің арқасында ет бағытындағы малды бір отардан 26 отарға жеткізіп отыр.

Президент бүгін Жолдауда ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі былтырмен салыстырғанда 1 трлн-нан 1,5 трлн теңгеге өсті деді. Расында малды мемлекет қолдауынсыз көбейту мүмкін емес дейді кәсіпкер. Өзі де «Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі» бойынша 1 млрд теңге несие алып, 10 мың бас асылтұқымды Еділбай қойын әкелген. 2,5% несие ыңғайлы, екі жыл төлем жасамайды. Сосын жылына бір рет 140 млн теңгеден төлейді.

Берік Егембердиев, кәсіпкер:

Мемлекетке, Мемлекет басшысына алғысым шексіз. Себебі осындай мүмкіндік беріп жатыр. Осындай жерге ие болып тұрып, мал бақпағанымыз жарамайды. Мына малды өлең айтып жүріп, қуанып жүріп, санын көбейтіп, сапасын жақсартып, сол шетелге жіберсек дұрыс болады. Қазақ байыса, малмен баюымыз керек. Себебі конкуренция жоқ біздің малдың етіне.

Қазір отар-отар қойы 250 шақырым аралықта жайылып жүр. Басы таудан түссе, соңы құмға құлаған. Әр 20 шақырым сайын малшылар аялдайтын ферма салып тастаған. Шопандары бір жарым миллион теңге айлық алады.

Екпін Мәукен, шопан:

Дархан далада жайылғаннан кейін 41 шөпті жейтін осы қой ғой, дұрыс баға алсаң. Қазақи мал далада жайылған дәрі ғой. Мал баққаннан қиналыс жоқ. Қой жайғанды жақсы көремін. Рахаттанамын.  

30 мың гектар жерге мал өрген кәсіпкер ет комбинатын да ашқан. Яғни өзі баққан малды өзі сояды. Жылына 8 мың тонна ет өңдеп, шетелге де шығарады. Жалпы, Жамбыл жерінде бүгінде 4,1 млн бас мал бар десек, оның 3 жарым млн-ға жуығы қой. Биыл ұсақ мал 9%-ға көбейген.

Тұңғыш Жанұзақов, облыстық АШБ бөлім басшысы:

Биылғы жылы облыста асыл тұқымды қой саны 800 мыңнан астам басқа жетті. Ол жалпы облыстағы қой санының 38,5%-ын құрайды. Енді таза асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылықтар облыста қазір 425 айналысып отыр.

Сол асыл тұқыммен ғана айналысатын 20 мың қойдың иесі енді оны 50 мың басқа көбейтпек. Ол үшін 10-ға жуық қожалығын біріктіріп, холдинг құрмақ ниетте. Айта кетейік, биыл өңір шаруаларына мал басын көбейту мақсатында  мемлекет тарапынан 6,7 млрд теңге субсидия берілді. 

Бөлісу