Президент «Халықтық құрылыс» бастамасын ұсынды
Қазақстанда «Халықтық құрылыс» атты ауқымды бағдарлама басталады. Алдағы үш жылда Ұлттық қордан инфрақұрылымды жаңғыртуға 6,5 триллион теңге бөлінеді. Ел бойынша жаңа мектептер мен ауруханалар салынып, жолдар және инженерлік желілер жаңартылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Қазақстан халқына Жолдауында осындай міндет қойды. Сондай-ақ ең төменгі жалақыны көтеруді, мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі өзгертуді тапсырды. Жаңа тарихи кезеңдегі ел дамуының басымдықтары қандай? Шерхан Жамбылұлы тарқатады.
Биылғы Жолдау әдеттегіден кеш жарияланды. Себебі саяси жүйе жаңғырып, ауқымды өзгерістер болды. Соның нақты жемісі болған Құрылтай мен Халық кеңесінің мүшелері үкіметтің үлкен залына тегіс жиналды. Министрлер мен әкімдер де бетпе-бет кездесіп, өзекті мәселелерді талқылап үлгерді.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, жылдың басты саяси құжаты. Іс-шара қарсаңында Үкімет үйінде қызу қарбалас. Билік тармақтары түгел осында жиналған. Барлығы да елдің саяси бағдары айқындалатын сәтті тағатсыздана күтіп отыр.
Ел күткен үндеуде үлкен өзгерістердің негізгі қадамдары айқындалды. Ендігі басымдық экономиканы күшейтіп, инфрақұрылымды жаңарту және халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Ең басты жаңалық - еліміз енді жалпыхалықтық ауқымды құрылыс алаңына айналмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады. Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді.
Бұрын-соңды болмаған ауқымды жобаға қомақты қаржы бөлінеді. 2029 жылға дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге алынбақ. Оның 1,5 триллионы алдағы 4 айда әлеуметтік жобаларға бағытталуы тиіс. Әуелі 70-ке жуық емхана және 50 шақты әлеуметтік нысан бой көтереді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін.
Нұрлан Бекназаров, Құрылтай төрағасының орынбасары:
Жаңа жобалардың жүзеге асуы бізге салықтық түсімдердің артуына септігін тигізеді. Жұмыс орындарын шешеді. Азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне араласу мәселесін шешеді. Біз бұл мәселесін қаншалықты тез шешеміз, еліміздің әл-ауқатына соншалықты әсері болады деп ойлаймын.
Елдегі барлық жолдарға енді Көлік министрлігі жауап береді
Ауқымды құрылыс көлік саласын да қамтиды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жұмысқа көңілі толмайтынын айтып, жол сапасына жауаптыларды қатаң сынға алды. Орталық пен өңірлер мәселені бір-біріне сілтеп, жауапкершіліктен қашып отыр. Көлік өткізу бекеттерін жаңарту ісі де жүрдім-бардым жасалып жатыр. Енді елдегі барлық жол құрылысына Көлік министрлігі жауап береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қайталап айтамын. Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек. Битум мен қиыршық тастардың сапасын алға тартып, сылтау айтуға жол берілмейді.
Нұртай Сабильянов, ҚР Халық Кеңесінің мүшесі:
Мен үш жыл бойы Ақтоғай жолының мәселесін көтердім. 17 шақырымы Абай облысына қарайды, 67 шақырымы Жетісу облысына қарайды. Бір-біріне сілтеп, мәселе әлі күнге шешілген жоқ. Жетісу облысы жобалық құжат жасаса, әрі қарай қаржы жоқ дейді. Міне, осындай мәселе көп елді мекендерде.
Ең төменгі жалақы мөлшері 110 мың теңгеге дейін көтеріледі
Пезидент әлеуметтік көмек жүйесін реформалау мәселесіне де тоқталды. Мемлекеттік қолдау тек шын мұқтаж азаматтарға көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысы осы бағыттағы өзгерістерді асықпай, халықтың жағдайын ескере отырып жүргізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды.
Әлеуметтік саладағы тағы бір жағымды жаңалық. Учаскелік дәрігерлердің жалақысы 40 пайызға дейін өседі. Қазір бұл салада 77 мың маман қызмет етеді. Ең төменгі жалақы мөлшері де артпақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен Үкіметке ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырамын. Осы міндет келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асырылуға тиіс. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді.
Шағын бизнесті тексеруге мораторий жарияланады
Кәсіпкерлерге жақсы жаңалық. Президент шағын және микробизнесті тексеруге 3 жылға мараторий жариялауды ұсынды. Құрылтай құжатты қарауға алмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкіметтің алдында орта бизнесті дамыту жөнінде арнайы жоспар әзірлеу міндеті тұр. Құжатта кәсіпорындарды ұзақмерзімді каржыландыру әрі технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері көрсетілуі қажет. Орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеп, оларға өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау керек.
Салық кодексі қатып қалған қағида емес. Президент жаңа құжаттың бизнеске артық салмақ түсірмеуін талап етті. Кәсіпкерлерге қиындық туғызған нормаларды қайта қарап, қайшылықтарды жоюды тапсырды. Алдағы уақытта Азаматтық кодекс те жаңарады. Өйткені 90-жылдары қабылданған құжат қазіргі экономиканың талабына толық сай келмейді. Жаңа кодекс кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғап, тұрақты жұмыс істеуіне негіз болуы тиіс.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ендігі мәселе осы міндеттер қалай орындалады. Президент Үкіметтен ауыл әкіміне дейінгі басқару жүйесін қайта қарауды тапсырды. Реформаның кешенді жоспары келесі жылдың 1 маусымына дейін әзірленуі тиіс. Бастысы ел азаматтарының мәселесі созбалаңға салынбай шешіліп, биліктің жауапкершілігі күнделікті істе көрінуі қажет. Осылайша Президент алдағы уақытқа мемлекеттің басым бағыттарын айқындап берді. Енді жұмысты ширатып, оны нақты іске асыру қажет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы