Басты Жаңалықтар Қазақстан табиғи байлығын қаншалықты тиімді пайдаланып отыр?

Қазақстан табиғи байлығын қаншалықты тиімді пайдаланып отыр?

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқанда Орталық Азияның бес елімен (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан) екіжақты және көпжақты келіссөздер жүргізгенін білеміз. Ол Вашингтонның аймақ елдерін Ресей немесе Қытаймен қарым-қатынасты үзуге мәжбүрлемейтіндерін, тек «әділ бәсекелестік пен жаңа экономикалық баламалар ұсынуды» көздейтіндерін мәлімдеді. Кеңес өкіметі құласа да, кейбір республикаға әлі қолданылатын – сауданы шектейтін Джексон–Вэник түзетуінің күшін жоюды қолдайтындарын тағы айтыпты. Ресейден алып тастағанда, бізден әлі алмай келе жатқандары «таңғалдырады». Бірақ соңғы уақытта үлкен саясаттың конфигурациясына қарасақ, таңғалатын ешнәрсе қалмады. Әнебіреуді гуманист деп атағаннан кейін...

Рубио Самарқанда Қазақстанның Сыртқы істер министрі М. Тілеубердімен кездескенде Каспий арқылы өтетін халықаралық көлік дәлізін («Орталық дәліз») дамыту, сирек кездесетін металдарды бірлесіп игеру сөз болған.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Қазір «сирек металл қай салада қолданылады?» дегеннен гөрі, «қай салада қажет емес?» деген сұраққа жауап беру оңай. Себебі сирек металдар электроника, машина жасау, атом энергетикасы мен медицина саласында кеңінен қолданылады. Әсіресе цифрлық технология мен қорғаныс саласының өзегі бағалы металға байланған. Алайда оны өндіру оңай шаруа емес. Сирек металдың аты – затына сай. Індетіп іздемесең, таптырмайды. Сарапшылар сөзінше, бір кен орнын ашу үшін барлау жұмыстары кемінде 7 жылдан 15 жылға дейін созылуы мүмкін.

Қанат Құдайберген, Металлургия және тау-кен өндірісі саласының сарапшысы:

ЖИ бар, дата-орталық бар, соның бәрі қатты дамығанына байланысты сұраныс күшейіп кетті. Қолыңызда ұстап тұрған смартфонның өзінде 100-ден аса сирек металл бар. Жоғары технология дамыған сайын мәліметтерді тасымалдау мәселесінде осы металдар үлкен рөл атқарады.

Рашид Жақсылықов, экономист-сарапшы:

Дүниежүзілік экономика алдағы 15–20 жылға сараптама жасайды. Мұнайға деген сұраныс қалай болады? Не құнды, не құнсыз болады деген жоспарлар құрылады. 2020 жылдан бастап сирек металға сұраныс үлкейетінін Дүниежүзілік экономика білді. Біздің де мемлекет сол тұста қарап қалған жоқ. Бірақ бар затты тиімді пайдалану бағдарламасы бар ма, жоқ па, міне, мәселе осында.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Халықаралық энергетика агенттігі былтыр 2040 жылға дейінгі болжамды жариялады. Соған сүйенсек, алдағы 15 жылда литийге сұраныс қазіргіден 5 есе артады. Графит пен никельге қажеттілік 2 есе өседі. Ал мысқа деген сұраныс 30 пайызға ұлғаяды деген болжам бар.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Иә, Қытай бұл секторда негізгі ойыншы. Мәселен, 2010 жылы Қытай сирек металдар экспортын шектеген кезде оның бағасы он есеге дейін қымбаттаған еді. Егер алдағы жылдары бағалы металдар жеткізілімі бұзыла қалса, техника жасау, қорғаныс, цифрлық технология саласында қымбатшылық болады. Бұл ретте ірі державаларға Орталық Азия – таптырмас алаң. Бір жағынан, осы аймақ олар үшін «ашылмай жатқан арал» сияқты. Біз сөйлескен сарапшылар осылай деп отыр.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Орталық Азия шикізат көзі ретінде, екінші жағынан, сирек металдардың басты шоғырланған орталығы ретінде барлық тараптар үшін үлкен маңызға ие болып отыр. Орталық Азия геоэкономикалық картада біртұтас аймақ ретінде қабылданып жатыр.

Ақылбек Жүнісов, Геология және минералогия ғылымдарының кандидаты, профессор:

Қазір литий барлық жерде қажет болып отыр. Бірақ әңгіме алуда емес, өндіріске жаратып алуда. Вольфрамның қоры жағынан дүниежүзіндегі қордың жартысы Қазақстанда.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Ресми дерекке сүйенсек, елдің пайдалы қазбалар қатарында вольфрам, молибден, литий мен бериллийдің, ниобий мен танталдың мол қоры бар. Олар Қарағанды, Жетісу облыстарында және елдің Шығыс пен Орталық өңірлерінде орналасқан. Сондай-ақ 2024 жылы геологиялық зерттеу нәтижесінде перспективалы 20 учаске анықталды. Онда да болжамды табиғи ресурстар баршылық. Жалпы, ұзын-ырғасы барлау жұмыстарын жүргізуге 3 мыңдай лицензия берілген.

Марғұлан Байбатыров, Геология комитетінің төраға орынбасары:

Қарағанды облысында Құйрықтыкөл учаскесін анықтағанбыз. Құйрықтыкөл учаскесінде 4 ірі учаске белгіленген. Ол – Дос 1, Дос 2, Дос 3 және Ырғыз. Бұл учаскеде Тау-кен ұлттық компаниясы барлау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Иә, сирек металл бойынша серіктестік орнатқысы келетін мемлекет көп. Еуропалық одақ елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Жапония және Корея Республикасы ынтымақтастыққа ұмтылып отыр. Бұған Қазақстан да бейіл. Мәселен, еліміз Еуропа нарығына аса қажет 34 шикізаттың 21-ін өндіреді. Бір сөзбен айтсақ, бізде ресурс жетеді, бірақ оны терең өңдейтін технологиялық кешен жоқ. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен айда Корея Республикасына мемлекеттік сапарында бірлескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсынды. Корея стратегиялық санатқа енгізген 10 минералдың барлығы Қазақстанда бар. Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Самарқанға ресми сапарында Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерімен C5+1 форматында кездескен. Сонда ол Орталық Азияның әлемдік экономикадағы жетекші күшке айналғанын қалаймыз деген.

Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:

Қазіргі таңда сирек металдарды басты өңдеу Қытай Республикасында болғаннан кейін оны әртараптандыру АҚШ-қа да, ЕО мүдделеріне де сай келеді. Сондықтан Қазақстан бұл жерде ұтады. Біз шикізатты өндіруші емес, шикізат өнімдерін шығарушы тізбекті өзімізде құрып алуымыз керек.

Қозы Көрпеш Жасарал, тілші:

Демек, жер қойнауының металдарға толы болғаны байлық емес, байлық – оларды игере алу машығы. Шикізатты сол күйінде сатпай, өңдеп, дайын өнім шығару үшін жоғары технологиялық кәсіпорындар құру мен маман даярлау мәселесі тұр. Әйтпесе тағы шикізат шығарып алып кететін ел болып қаламыз.

Бөлісу