Еңбек адамдары құрметке бөленді
Шымкентте Ұлттық мереке – Республика күніне орай салтанатты жиын өтіп, еліміздің өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтар құрметке бөленді. Бұл күні қарапайым еңбек адамдарының еңбегі еленіп, оларға мемлекеттік наградалар мен төсбелгілер табысталды.
«Қызғалдақ» сарайында ұйымдастылырған мерекелік шара шаһар басшысының құттықтау сөзімен басталды. Ғабит Сыздықбеков еліміздің егемендік алған жылдары жеткен жетістіктеріне тоқталып, мемлекетіміздің жарқын болашағы туралы сөз қозғады.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:
Қаламызда тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды заман талабына сай дамытуға және білім мен мәдениеттің өрісін кеңейтуге бағытталған ауқымды жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Қаламыздың әрбір жетістігі мен жемісінің арқасында еңбек адамдарының, соның ішінде ұстаздар мен дәрігерлердің. құрылысшылар мен жұмысшылардың және басқа да сала мамандарының өлшеусіз еңбегі зор.
Салтанатты жиында «Парасат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендері мен «Ерен еңбегі» үшін медалдары мегаполистің дамуына үлес қосқан жандардың кеудесіне тағылды. Олардың қатарында жұмысшылар, мұғалімдер мен дәрігерлер, қарапайым еңбек адамдары да бар.
Әлия Арыстанбекова, III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, «Қолдау» балалар орталығы КММ санитары:
Мен осы №2 қолдау көмек көрсету орталығында істеп жатқаныма 30 жылдан асып жатыр мінекей. Еңбек елеусіз қалмайды екен ешуақытта да. Бүгінгі марапат меніңше өте үлкен марапат болды. Еңбегім еленіп, ақталып отыр. Өте қуаныштымын.
Мерекелік жиында сегіз көріністен тұратын мюзикл сахналанып, онда бір отбасының тағдыры арқылы тәуелсіз Қазақстанның 35 жылдық тарихы баяндалды. Сондай-ақ патриоттық әндер шырқалып, жергілікті өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы