«Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтарының жеңімпаздары анықталды
Медиа саласындағы маңызды шаралардың бірі – Astana Media Week бүгін аяқталды. Іс-шара аясында еліміздің барлық өңірінен БАҚ өкілдері жиналып, білімдерін шыңдап, тәжірибе алмасты. Ал қорытынды кеште үздіктердің үздігі атанған журналистерге «Тұмар» және «Үркер» ұлттық сыйлықтары табысталды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы да жеңіс тұғырынан көрінді. Шараға қатысып қайтқан әріптесіміз Ақниет Балтанова соңғы жаңалықтарды айтады.
Ақниет Балтанова, тілші:
Биыл «Тұмар» мен «Үркер» ұлттық сыйлықтары алғаш рет Qazaqstan Media Awards аясында бірлесіп ұйымдастырылды. Байқаудың 12 аталымы бойынша 600-ден астам өтінім түскен. Үздіктердің үздігі анықталған салтанатты рәсімде «Қазақстан» телерадиокорпорациясы екі аталым бойынша жеңімпаз атанды.
Қазақ радиосының «Ойтұма» бағдарламасы «Үркер» ұлттық сыйлығының «Үздік радиожоба» аталымында топ жарды. Бағдарламаны журналист Мұхамедәли Болатұлы жүргізеді. Хабарда қазақ ойшылдарының еңбектері кеңінен насихатталып, адамгершілік құндылықтар дәріптеледі. Тыңдарманды терең ойға жетелейтін бағдарлама осылайша кәсіби ортада жоғары бағасын алды.
Мұхамедәлі Болатұлы, «Ойтұма» бағдарламасының жүргізушісі:
Ал «Тұмар» ұлттық сыйлығының «Үздік телевизиялық материал» аталымында «Qazaqstan» телеарнасының «Қарқынды құрылыс» жобасы жеңіске жетті. Жоба аясында үш журналист еліміздің әр өңіріне барып, бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің, мектептердің, ауруханалар мен әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын көрсетеді. «Бұл жай ғана құрылыс емес, бұл – халықтың тағдыры», – дейді жоба жүргізушілері.
Нұрбек Бекбау, «Қарқынды құрылыс» бағдарламасының жүргізушісі:
Биылғы марапаттың ерекшелігі – алғаш рет жасанды интеллект саласындағы үздік жобаға арнайы аталым берілді. Сондай-ақ «Тұмар» мен «Үркер» ұлттық сыйлықтарының он жылдық тарихы жаңа форматта жалғасын тапты. 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан қос байқау алғаш рет бір алаңға біріктірілді. Жеңімпаздарды белгілі журналистер мен медиа сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы таңдады. Осылайша, Astana Media Week отандық журналистиканың жетістіктерін саралап, медиа саласының болашақ бағдарын айқындауға мүмкіндік берген алаңға айналды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы