Түркітілдес жастар фестивалі өтті
Осы айда Анкара қаласында өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жоғары деңгейдегі саммиті қарсаңында түркітілдес елдердің жастары бас қосты. Түркияның Қожаелі провинциясында өткен «Ортақ мирас, бір жүрек» атты фестивальда жастар әр түрлі бағытта пікір алмасып, бірлескен жобалар жасауды жоспарлады. Ауқымды шара туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркі елдерінің жастары ортақ мүдде, ортақ мақсат төңірегінде топтасуы қажет. Түркияның Измит қаласында бас қосқан түркітілдес елдердің жастары өзара байланысты тереңдетіп, жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа технологиялар бағытында бірлескен жобаларды қолға алу мәселесін талқылады.
400-ден астам түркітілдес жастың басын қосқан фестивальде елшілер мен түрлі саладағы сарапшылар жастармен пікіралмасып, бағыт бағдар көрсетті.
Молдияр Ергебеков, медиа және кино зерттеушісі:
Қазіргі кезде ең маңызды факторлардың бірі адамдардың, жастардың түркі әлемінде өндіріліп жатқан мәдени өнімдерді мәселен Димашты немесе Әзірбайжан, Өзбекстанның, Қырғызстанның жазушыларын, суретшілерін жалпы мәдени және өнер саласындағы өнімдерді көруі тұтынуы және оқуы да өте маңызды. Өйткені осылайша біз тек тарихпен шектеліп қалмай қазіргі кезді де талдай алатын жастарды, қоғамды қалыптастырғымыз келеді.
Халықаралық жиында жастардың жанына жақын бірқатар мәселе оң шешімін тапты. Соның бірі түркітілдес елдердің футболшыларына қатысты жаңа ереже болды.
Күршад Зорлу, «Әділет және даму» партиясы төрпағасының орынбасары, түркі мемлекеттермен байланыс басқармасының басшысы:
Өздеріңіз білесіздер, қазір түркі мемлекеттерінен келген футболшылар біздің командаларда шетелдік мәртебесінде ойнап жүр. Біз бұл бағытта ресми келіссөздер жасап, бауырлас елдердің спортшылары Түркияда түрік ойыншысы ретінде өнер көрсетуіне қол жеткіздік. Өзге түркі мемлекеттерінің спорт саласындағы жауаптылары да осындай шешім қабылдаса деген тілегіміз бар.
Ал фестивальге келген қонақтарға жастар өз елдерінің мәдениеті мен ұлттық тағамдарын да таныстырды.
Алтынай Құрманғазықызы, Түркияда оқитын қазақстандық студент:
Өзіміздің Қазақстанды таныстырып, арнайы бір күн бұрын дайындалып, ұлттық тағамдарымызды дайындап барлық халықтармен бірге мәдениет алмасуға келіп отырмыз.
Ференгиз Жаббарова, Түркияда оқитын өзбекстандық студент:
Түркі дүниесінің жастары осы фестиваль аясында өзара байланысын нығайтып, бір бірімен танысып, жақынырақ араласуға мүмкіндік алды. Біз өзіміздің өзбек ұлттық тағамдары мен киімдерін қонақтарымызға көрсетіп тұрмыз.
Үш күнге созылған жиын соңында жастар алау жағып, өлең айтып табиғат аясында демалды. Сондай-ақ, Мәрмәр теңізінде кемемен саяхат жасады. Ал келесі жылы дәл осындай жастар фестивалі Түркияның Кайсері қаласында өтетін болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы