Бельгия Королі мен Патшайымының Қазақстанға сапары шетелдік БАҚ назарында
Бельгия королі Филипп пен Патшайым Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапары шетелдік БАҚ назарында. Әлем басылымдары сапардың тек тарихи маңызына емес, экономикалық күн тәртібіне де ерекше көңіл бөліп отыр.
Бельгиялық Paris Match журналы мәртебелі мамандарды Ақ Ордада қарсы алу рәсімін жан-жақты сипаттаған. Басылымның жазуынша, салтанатты рәсім барысында екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалып, Президенттік гвардия сарайдың салтанат залында корольдік жұп пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрмет көрсетті. Тікұшақтар Ақорда ғимаратының үстінен Қазақстан мен Бельгияның мемлекеттік туларын алып ұшқаны да жазылған.
Еуропалық EU Reporter басылымының осы тақырыпқа арнаған мақаласы «Қазақстан мен Бельгия серіктестіктің жаңа кезеңіне қадам басады» деп аталады. Автордың пікірінше, Король Филипп пен Патшайым Матильданың мемлекеттік сапары екі жақты дипломатиялық және іскерлік байланыстарды жаңа келісімдермен толықтыруға мүмкіндік береді. Мақалада қарым-қатынастар келешегіне, оның ішінде, орта дәлізді дамыту, логистика, ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, денсаулық сақтау, ғылым және білім беру салалары бойынша ынтымақтастықты дамытудың перспективалары аталып өткен.
Бельгиялық The Brussels Times басылымында «Корольдік жұп Қазақстанға мемлекеттік сапармен аттанды» деген мақала жарық көрді. Автордың жазуынша, сапар екі ел арасындағы экономикалық, академиялық және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бұған қоса, Бельгия делегациясының құрамына үкімет өкілдері, 25 компания басшылары және академиялық қауымдастықтың 11 өкілі кіргені де назардан тыс қалмаған. The Brussels Times Король Филипп таққа отырғанға дейін Қазақстанға үш рет келгенін де еске салды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы