Басты Жаңалықтар Бельгияда үнемдеуге қарсы шерулетіп жатыр

Бельгияда үнемдеуге қарсы шерулетіп жатыр

Бельгияда бүгін жалпыұлттық шеру. Мемлекеттік қызметкерлер жұмысқа шықпай, үкіметтің қатаң үнемдеу шараларына қарсы наразылық акциясын өткізіп жатыр. Салдарынан, қоғамдық көлік қатынасы қиындап, әуе рейстері тоқтаған. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Нұрсұлу Қасымнан білейік. Нұрсұлу, тұрғындардың наразы болуына нақты не себеп?

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Сарапшылардың мәліметінше, бүгінде Бельгияда бюджет тапшылығы 33 млрд еуро. Биліктегілер жәрдемақыны, жалақыны азайту арқылы бюджет шығынын қысқартпақ. Дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер, мемлекеттік сала мамандары жаңбырға қарамастан елдің түкпір-түкпірінен Брюссельге жиналып, осыған наразы. Шерушілер жалақыны автоматты түрде индексациялауға, жұмыс уақытын ұзартуға, қосымша құн салығын көтеруге қарсы. Сұхбатты назарларыңызға ұсынамын.

Вим Де Йонген, кәсіподақ ұйымының мүшесі:

Үкімет қарапайым жұмысшылардың есебінен бюджетті үнемдемек. Байларға, миллионерлерге, ірі компанияларға салық салсын. Біз онсызда күнімізді әрең көріп отырмыз. 

Вероник Клеман, әлеуметтік сала маманы:

Балалар, отбасылар қазір үш мезгіл тамақ ішуден қалды. Айлық жетпейді. Тұрғын үй жалдау тым қымбат, баспанасыздар көбейді. Жағдай сұмдық.  

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Әуежайдың қауіпсіздігіне, жүктерді тиеуге жауапты қызметкерлер де осы наразылық акциясына қатысып жатыр. Салдарынан бүгін Брюссельдің Завентем әуежайынан ұшатын 140 рейс кейінге шегеріліп, мыңдаған жолаушы жолынан қалды. Шаһарда қазір қоғамдық көлік қатынасы қиындады. Бірен-саран автобус, трамвайдан басқасы тоқтаған. Қызметкерлер жұмысқа шықпағандықтан бүгін пошта, әкімдіктер, басқа да мемлекеттік мекемелер жабық. Кәсіподақ ұйымының өкілдері билік жанайқайымызға құлақ түрмесе, ереуілді келесі аптада да жалғастырамыз деп отыр.

Бөлісу