Басты Жаңалықтар Таразда алғашқы AI-кеңсе ашылды

Таразда алғашқы AI-кеңсе ашылды

Президент жолдауындағы цифрландыруды дамыту аясында Таразда алғашқы AI-кеңсе ашылды. Осылайша елімізде жасанды интеллект мүмкіндіктерімен қамтылған орталық саны 9-ға жетті. Жалпы биыл өңірде 624 мыңнан астам мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілген. Аймақта цифрлық жүйеге арқа сүйейтін азаматтар саны жыл сайын 30%-ға артып келеді. Халыққа қызмет көрсетудегі заманауи тәсілдерді Данияр Әлімқұл көріп келді.

Енді тараздық тұрғындар мемлекеттік қызмет түрін арнайы ашылған AI-кеңседен алады. Мұнда жасанды интеллектке сұрау салсаңыз болды,  қажетті құжатыңызды қас-қағым сәтте экранға шығарады. Бәрі тиянақты,  әрі тез. Бас-аяғы 1331 мемлекеттік қызметтің 1320-сын электронды түрде рәсімдеуге болады. 

Толқын Тоқобаева, Тараз тұрғыны:

Бұрын құжат алатын болсақ біз екі қызбен келетінбіз, немерелерімізбен. Қазір ол қыздар үйде қалды. Пропискаға тұрғыздық қой біз егіз қыздарды. Соған келдік, 5 минут та тұрған жоқпыз шығып жатырмыз. Бұрын енді күтетінбіз баламен келіп, мына жерде адам көп. Қазір ешкім жоқ, талон да алмайсың. Тез қыздар жібереді шығасың. Өте ыңғайлы бізге. 

Қойгелді көшесіндегі кеңсе халыққа қызмет көрсету орталығы базасында ашылған. Мұнда цифрлық сервистерді пайдалану, экспресс-қызмет көрсету, кеңес алу, оқыту аумағы мен демалыс орны бар. Мәселен баспанаңызға техпаспорт алу үшін талон алып, кезек күтпейсіз. Құжат бұрынғыдай бір апта емес, үш күнде әзірленеді. Ал дайын құжатыңызға үлгермесеңіз 24 сағат ашық тұратын постамат арқылы алуға болады.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Цифрлық кеңседегі тағы бір жаңашылдық мына құжаттандыру терминалы. Мұның артықшылығы мерзімі өтуге жақын жеке куәлігіңізді жаңалауға небәрі 5 минут жұмсайсыз. Тіпті төлқұжатыңыздың да жаңасын жасап береді.  Бар болғаны батырмасын басып, өзіңіз суретке түсесіз, QR арқылы төлем жасайсыз.

Жеке құжаттың жарамдылық мерзімі өткеніне 10 күн болса да терминал  3-14 күн аралығында дайындап береді. Әзірге бұл аймақтағы жалғыз заманауи технология. Сондай-ақ кеңседе анықтамалар 1 минутта әзірленеді.

Олжас Боранғазиев, цифрлық кеңесші:

Бұл ақпараттық тақта «eGov GPT» деп аталады. Жасанды интеллекті «eGov Mobile»-ға енгізілген. Мемлекеттік қызмет түрлерін алсаңыздар болады. Яғни қазіргі таңда 50-ге жуық мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді. Басты ерекшелігі дыбыстық хабарламаны жолдайсыздар және нәтижесін өзіңіздің жеке деректеріңізден көріп, алуға болады.

Жалпы аймақта 16 ХҚКО бар. Жыл басынан бері 1 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Оның 624 мыңы электронды, қалғаны дәстүрлі негізде. Мамандар ел арасында электронды қызмет алу жыл сайын 30%-ға артып келе жатқанын айтады.

Бөлісу