Брюссельде Берлин Еуразиялық клубының 47-отырысы өтті
Еуропалық Одақ Қазақстанмен транзит, көлік қатынасын нығайтып, Орта дәлізді дамытуға қаржылай және техникалық қолдау көрсетуді жалғастырмақ. Брюссельде өткен Берлин Еуразиялық клубының 47-отырысында тараптар екіжақты қатынасты нығайтудың жолдарын талқылады. ЕуроОдақтың «Жаһандық қақпа» бастамасы аясында Транскаспий көлік бағытын дамытып, ортақ жобаларды жүзеге асыру жайын қаузады. Шараны еліміздің Германия мен Бельгиядағы елшіліктері бірігіп ұйымдастырды.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты Еуразия көлік жүйесінің стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы бес жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есеге артқан. Әлем елдері үшін бұл бағыт геосаяси тұрғыдан анағұрлым қауіпсіз, тиімді, әрі жылдам, дейді сарапшылар. Қазақстан аумағы арқылы өтетін Орта дәлізбен Қытайдан Еуропаға жүк қазір 17 күнде жетеді. Ендігі меже транзит уақытын 12 күнге қысқарту.
Дамир Қожахметов, ҚР көлік вице-министрі:
Қазір контейнерлік айлақты дамыту бойынша инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, немістің «Ренус групп» компаниясымен келісімге қол қойылып, Ақтау портында үшмодальды контейнерлік терминал салу жоспарлануда.
Генрих Керстгенс, «Rhenus Logistics» компаниясының басқару директоры:
Ақтау портында қажетті техникалық жағдайлар жасалды, қазір тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Еуропалық инвесторлар Орта дәлізді дамытуға белсенді қатысуы керек деп ойлаймын. Себебі, бұл бағыттың болашағы зор.
ЕуроОдақ «Global Gateway, жаһандық қақпа»бағдарламасы аясында Орта дәлізді дамытуға 12 млрд еуро инвестиция тартпақ. Еуразиядағы маңызды транзиттік хаб Қазақстанмен ЕуроОдақ көлік, энергетика, су ресурстарын бақылау, цифрландыру бойынша ынтымақты күшейтуге ынталы.
Петерис Устубс, Еуропалық комиссияның Азия және тынық мұхиты аймағы бойынша Халықаралық серіктестік директоры:
Біз үшін Қазақстанмен ынтымақтастықтың басым бағытының бірі цифрлық байланыс. Мен Қазақстан үкіметінің жасанды интеллект пен деректер орталықтарын дамыту жоспарларымен асқан қызығушылықпен танысып шықтым. Осы салада Еуропалық бизнес үшін техникалық шешімдер мен инвестициялық мүмкіндіктер мол деп есептеймін.
ЕуроОдақ тұңғыш рет «ғарыш қызметі» туралы заң қабылдамақ. Ол үшін ғарыш айлағы бар Қазақстанның тәжірибесін игеру маңызды, дейді басқосуға жиналғандар. Көмірсутектен бас тартып, жасыл энергияны дамытуды көздеген қарт құрлық елдері Қазақстанмен сирек кездесетін металдарды өндіріп, өңдеу бойынша ірі жобаларды іске асыруға да құлшынып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы