Басты Жаңалықтар Ұлыбританияда оқу жүйесіне ЖИ енгізу мәселесі қызу талқыға түсті

Ұлыбританияда оқу жүйесіне ЖИ енгізу мәселесі қызу талқыға түсті

Англиядағы жастардың жартысына жуығы ақпараттың рас-өтірігін анықтауға келгенде адамға емес жасанды интеллектке көбірек сенім артатын болған. Британиялық ғалымдар осындай қорытындыға келді. Бірақ жергілікті білім жүйесі әзірге нейрожелілер негізінде оқытуға асықпайды. Тақырыпты Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова жалғастырсын.

Зерттеуге 11 мен 24 жас аралығындағы 4 мыңнан астам адам қатысқан және қыздарға қарағанда ұлдардың басым көпшілігінің жасанды интеллектке көбірек арқа сүйейтіні анықталды. Бірақ Британ білім беру жүйесі әлі де нейрожелілерге икемделмеген. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, жаңа заманға бейімделетін уақыт жетті.
Энтони Селдон, білім беру сарапшысы:
Жаңа технологияларды енгізбегендіктен мектептер мен университеттердің беделі әлсіреп келеді. Оқушылар мен олардың ата-аналары академиялық жүйені шынайы өмірден алшақ деп қабылдап, дәстүрлі оқыту әдісіне күмәнмен қарауда.
Билік өкілдерінің пікірінше, білім беру жүйесінің сақтық танытуына бірнеше себеп бар. Мектептер оқушының тапсырманы өздігінше орындап, емтиханнан ешкімнің көмегінсіз өте алатынына сенімді болуы керек. Ең бастысы технологияға шамадан тыс тәуелділі болуға жол бермеу қажет.
Бриджит Филлипсон, Ұлыбританияның білім министрі:
Заман ағымынан қалдық деп технологияны ретсіз қолдана беру дұрыс емес. Біз нейрожелінің оқуға пайдасы тигенін қалаймыз. Бірақ ол баланың ойлау қабілетінің дамуын тежемеуі тиіс.
Жаңа технологиялар оқу процесіне кезең-кезеңімен енгізіліп те жатыр. Мәселен, AI tutor – ол оқушыға тақырыпты түсіндіріп, сұрақтарға жауап береді, қателерін көрсетіп, оқу материалын әр баланың деңгейіне қарай бейімдейді. Бірақ алдымен тыңғылықты тексеруден өтуі тиіс.


Бөлісу

Сондай-ақ оқыңыз

Барлығы