«БРИКС плюс» саммиті: Қандай мәселелер көтерілді?
Мемлекет басшысы бүгін Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен БРИКС+ форматындағы саммитіне қатысты. БРИКС ұйымын әу баста Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай құрған, кейін Оңтүстік Африка Республикасы кірген. Одан кейін тағы бірнеше ел қосылды, қазір толық мүше мемлекет – 11. Сонымен бірге «серіктес» мәртебесі берілген елдер бар, ішіне біздің мемлекет те кіреді. Қ. Тоқаев Нью-Делиде «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбына арналған «аутрич»/«БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйледі. Аутрич – outreach – коммуникация, тіке байланыстар әдісі дегенді білдіреді. Әріптес елдермен бетпе-бет әңгімелесу форматы. Бүгін Президент Үндістан премьер-министрімен жеке кездесіп, сұхбаттасқан. Екі жақтың экономикалық байланыстардың түрлі аспектілерін айтқандары түсінікті. Детальдарға келсек, Astana Hub және Хайдарабад технологиялық экожүйелері арасындағы серіктестік сөз болған. Сонымен бірге Үндістан Премьер-министрі Қазақстан жастарын келесі жылы Мумбайда өтетін креативті индустрия саммитіне қатысуға шақырды.
Ал ертеңнен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапары басталады. Сонымен бірге «Орталық Азия – Корея Республикасы» форматындағы бірінші саммитке қатысады.
Айта кететін бір хабар: АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жіберген. Ілтипатқа толы хатта бізді Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтайды деп тани отырып, әрі қарай цитата: «Мемлекеттеріміз арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймын және мен президенттік лауазымды атқарған екі мерзімде қалыптасқан берік байланысты одан әрі нығайтамыз деп сенемін. Қазақстан халқының бағына орай, Сіз сияқты тегеурінді әрі батыл көшбасшысы бар. Осы қуанышты сәтті сіздермен бөлісу – мен үшін зор мәртебе» деген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы