Басты Жаңалықтар Мемлекет басшысы БРИКС саммитіне қатысады

Мемлекет басшысы БРИКС саммитіне қатысады

Нью-Делиде БРИКС-тің XVIII саммиті басталды. Үндістан астанасына әлемнің әр түкпірінен мемлекет және үкімет басшылары келіп жатыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Нарендра Модидің шақыруымен Нью-Делиге жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы ертең «БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді. Саммитте әлемдік басқару жүйесін реформалау мәселесі қаралмақ. Сауда, энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі мен технологиялық ынтымақтастық та күн тәртібінде. Әлем халқының жартысына жуығын қамтитын бірлестіктің Нью-Делидегі жиыны несімен маңызды? Шерхан Жамбылұлы баяндайды.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Нью-Дели. Алып агломерацияда 30 млн халық тұрады. Бір сәтке дамыл таппайтын ығы-жығы тіршілікке халықаралық саммит өз өзгерісін енгізді. Қалада қауіпсіздік талабы күшейіп, полицейлер орталық көшелердегі бақылауды күшейтті. Жиын қарсаңында мемлекеттік қызметкерлермен қатар оқушылар да демалысқа жіберілген.

Моника Шарма, Нью-Дели тұрғыны:

Бүгінде әлем бір-бірімен тығыз байланысқан. Сондықтан ешбір ел оқшау әрекет ете алмайды. Үндістанның халықаралық аренадағы белсенділігі де осы үдеріспен сабақтас. Әрине, саммитке байланысты қалада жүріп-тұру қиындады. Бірақ бұл уақытша ғана қолайсыздық.

БРИКС-тің биылғы басқосуына он шақты елдің басшысы, жалпы 28 елдің өкілі қатысады деп жоспарланған. Нөмірі бірінші борт түс ауа жергілікті әуежайға келіп қонды. Үнді елі мәртебелі мейманды сән-салтанатпен, ән-бимен қарсы алды.

БРИКС-тің құрылғанына биыл 20 жыл. Алғашында Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай бастама танытқан. Кейін Оңтүстік Африка қосылды. Қазір БРИКС құрамында 11 мемлекет бар. Тағы 10 е серіктес мәртебесіне ие. Қазақстан осы ондықтың қатарында. Жыл санап БРИКС-тің беделі мен ауқымы кеңейіп келеді. Оған мүше елдерде қазір 4 млрд халық тұрады. Бұл жер жүзіндегі адамдардың жартысы. Бірлестік жаһандық жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын қамтиды. Әлемдік саудадағы үлесі 26 пайыз. Сарапшылар бұл алаң жахандық мәселелермен қатар елдер арасындағы екі жақты байланысты бекемдеуге де зор мүмкіндік дейді.

Жагмет Бава, саяси сарапшы: 

Үндістан 2012 жылы «Орталық Азиямен байланыс» саясатын қабылдады. Содан бері Қазақстан Үндістанның өңірдегі маңызды серіктестерінің біріне айналды. Екі елдің ынтымақтастығын тереңдетуге БРИКС пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты алаңдар мүмкіндік береді. Мұндай форматтар ортақ мәселелерді талқылап, кедергілерді азайтуға және бірлескен жобаларды жеделдетуге жол ашады.

Саммит аясында жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулер де басталып кетті. Қытай төрағасы Си Цзиньпин Үндістанға жеті жылдан кейін алғаш рет келді. Ал Ресей Президенті Владимир Путин Нарендра Модимен келіссөз өткізіп үлгерді. Ертеңгі жиында сауда-саттықа кедергі келтіретін мәселелер қаралмақ. Бұдан бөлек БРИКС елдері төлем жүйелерін байланыстыру мен ұлттық валюталардағы есеп айырысуды кеңейтуді де талқылап жатыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Мемлекет басшысының жұмыс сапары екі күнге жоспарланған. Ертең Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС-тің кеңейтілген отырысында сөз сөйлейді. Саммит қорытындысында Нью-Дели декларациясы қабылдануы тиіс. Құжатта мүше елдердің ортақ ұстанымдары бекітілмек.


Бөлісу