Басты Жаңалықтар Азиада: Қазақстан туын Е.Сметов пен С.Миркадирова ұстап шығады

Азиада: Қазақстан туын Е.Сметов пен С.Миркадирова ұстап шығады

Қазақстан спортшылары Жапонияға аттанды. Туризм және спорт министрлігі сары құрлық бәсекесінде ел намысын қорғайтын Ұлттық құраманы шығарып салды. Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан туын ұстап шығу мәртебесі дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы – Елдос Сметов пен үстел теннисінен жастар арасындағы халықаралық турнирдің қола жүлдегері – Сарвиноз Миркадироваға бұйырды.

Туризм және спорт министрінің айтуынша, Азия ойындарына дайындық кезінде жаттықтырушылар штабына талап күшейген. 11 елден шақырылған 24 маман: күрес, дзюдо, жеңіл атлетика, спорттық гимнастика сынды спорт түрлерінің өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеді. Биылғы додада Қазақстан атынан 571 атлет қатысады. Олар спорттың 35 түрінен бақ сынайды. Құрлықтық додада барлық спортшы жүлдеге үмітті. Соның ішінде жанкүйер медальді дзюдошылардан күтетіні, рас. Әсіресе, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтен. Ол мұндай ірі жарыста Қазақстан туын бірінші рет ұстап шығады. Мұны өзі тарихи оқиғаға балайды.

Елдос Сметов, Олимпиада чемпионы:

Өзіме тарихи күн болып тұр. Өйткені, жүрегіме жақын күн. Бір жағынан жауапкершілігі жоғары. Еліміздің ХХ Жазғы Азия ойындарында еліміздің көк туын желбіретіп шығу, ұстап шығу мәртебесі маған бұйырып тұр. Мұндай сәт менің спорттық тарихымда бірінші рет болып жатыр. Бар күшімді салуға уәде беремін. Алдымен қойған мақсатым: екі дүркін Азия ойындарын ұту, екі дүркін әлем чемпионатын ұту, екі дүркін Олимпиада чемпионы болу.

Баскетболдан Қазақстан ерлер құрамасы Қытай спортшыларынан жеңілді

Сондай-ақ бүгін Жапонияның Аити префектурасында Азия ойындарының іріктеу сайыстары басталды. Баскетболдан Қазақстан құрамасы С тобындағы алғашқы кездесуін Қытай спортшыларына қарсы өткізді. Өкінішке қарай, жігіттер қарсыластарынан 99:61 есебімен жеңіліп қалды. Десе де, жүлде жолындағы күрес мұнымен тоқтамайды. Ертең баскетболшылар Филиппин құрамасына қарсы ойнаса, 14 қыркүйекте Бахрейн жігіттерімен кездеседі. Осы екі матчта жеңіске жетсе, ширек финалға жолдама алады. Жарысты «Қазспорт» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.


Бөлісу