Жыл басынан бері алаяқтар 800-ден астам тұрғынды алдап соққан
Қостанай облысында Полиция департаменті арнайы жүйе арқылы күмәнді телефон соғушылар мен хабарлама жіберушілерді бақылауға алды. Жарты жыл бұрын іске қосылған бағдарлама арқасында тәртіп сақшылары күніне 150-ге жуық қоңырауды бұғаттайды. Киберполицейлердің бір күндік жұмысын Мәдина Нағашыбай көріп қайтты.
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Қостанай облысында жыл басынан бері алаяқтар 800-ден астам адамды алдап, ғаламтордың арқасында талай тұрғынды торына түсірген. Мұнда күніне ондаған адам алдандым, сан соғып қалдым деп хабарласады. Әккілер осылайша биылдың өзі 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты қалталарына басқан.
Адамдар өмір бойы жиғанын әп-сәтте жоғалтқанын ұққанда соңғы үмітін арқалып, осы жерге қоңырау шалады. Алайда көп жағдайда қолды болған қаржыны қайтару мүмкін емес. Сондай айланың құрбаны бола жаздаған Қостанай қаласының тұрғыны полиция бөлімшесіне бірден өзі келген. Айтуынша, біреулер оған электр маманымыз деп хабарласып, құпия кодты сұрап алған.
Қостанай қаласының тұрғыны:
Содан кейін барып хабарламаның өзінде кодты ешкімге айтпа деп тұрғаны ойыма тарс түсті. Сосын полиция қызметкері кейпінде екінші рет қоңырау шалып, деректерімді сұрай бастады. «Сіз бүгін осымен алданып тұрған 45-адамсыз», - деді.
Бұл қарапайым айла. Әуелі әлдебір мекеме маманы болып хабарласып, телефонға келген кодты қолға түсіреді. Кейін құқық қорғау орнынан, я банктен қоңырау шалған боп, есепшотыңызға қауіп төнді деп сендіреді. Басты мақсат – адамды абдыратып, ойлануға мұрша бермеу.
Рашид Мадияров, облыстық Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
Несие рәсімдеуге итермелейді, атыңызда мүлік болса, үй, тұрғын жай немесе автокөлік болса, барлығын сату керек деп мәжбүрлейді. Алынған ақшаның бәрін алаяқтар ойлап тапқан қауіпсіз шотқа аударыңыз деп адамдарды алдап, ақшаларын жымқырады.
Енді полиция арнайы жүйе арқылы мұндай қылмыстың алдын кеседі. Ол алаяқтың қоңырауын қабылдап, уақыт созып, жаңа айла-шарғы жолын анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек олардың кімге қоңырау шалып отырғанын сол сәтте көрсетеді. Ақпарат түскен бойда жедел топ тұрғынның мекенжайына жетіп, мән-жайды түсіндіреді.
Бекназар Майленов, облыстық Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
Шаршап жұмыстан шыққан кездерде хабарласады, қоңырау шалған уақытта қатты мән бермей кодты айтып қояды Олар адамды біріншіден асықтырады, манипуляциялық тәсілдермен сенімге кіреді. Бізде күніне енді 100-150-ге жуық хабарламалар түседі. Сол уақытта дер кезінде ұстап қалып, алдын алу шараларын жүргіземіз.
Нәтиже бар. Былтыр облыста барлығы 1090 дерек анықталса, биыл тіркелген қылмыс саны 800-ден асады. Бірақ әлде де әккілердің қулығы құрық бойлатар емес. Сондықтан ең мықты қорған – қырағылық дейді мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы