Экологиялық талапқа сай емес көліктерге шектеу қойылуы мүмкін
Енді Алматының кейбір көшелерінде экологиялық талапқа сай емес көліктердің жүруіне шектеу қойылуы мүмкін. Зиянды заттары шамадан тыс автокөліктерді камера арқылы анықтау жоспарланып отыр. Төмен эмиссия аймағына нақты қай көшелер кірмек? Жүргізушілерге қанша уақыт беріледі? Әріптесім Әйгерім Ердәулет анықтап көрді.
Әлемде ауасы ең лас ондықтың қатарындағы Алматы үшін көлік мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Қалада тіркелген 700 мыңға жуық темір тұлпарға күн сайын облыстан кіретін тағы 300 мың көлікті қосыңыз. Мегаполис көшелерінде миллионнан астам автокөлік қозғалады. Мамандардың айтуынша, олардың 20 пайызының зиянды қалдықтары нормадан 10 есе көп. Енді осындай көліктерді анықтап, бақылауды күшейту көзделіп отыр. Алматылықтардың басым бөлігі бұл бастамаға қарсы емес.
Бұл талап бір күнде енгізілмейді. Қазір Алматыда төмен эмиссия аймағы, яғни LEZ жүйесін сынақтан өткізу үшін пилоттық аумақ белгіленген. Ол Бөгенбай батыр, Желтоқсан, Достық көшелері мен Абай даңғылының арасындағы аумақты қамтиды. Аймақтың кіреберістеріне арнайы осындай жол белгілері мен ақпараттық тақталар орнатылған. Бірақ әзірге мұнда кез келген көлік жүре алады. Яғни пилоттық кезеңде жүргізушілерге ешқандай шектеу қойылмайды.
Дулат Маратов, LEZ жобасының үйлестірушісі:
Еуро-0-ден Еуро-6-ға дейінгі стандарттарға сай барлық көлікке рұқсат бар. Ең бастысы, әр көлік өзінің зиянды шығарындылары бойынша белгіленген талапқа сәйкес болуы керек. Экологиялық көрсеткіш арнайы құрылғы арқылы автоматты түрде тексеріледі. Бұл процесс адамның қатысуын қажет етпейді. Мұндай тексерістен қазірден бастап өте берсе болады.
Яғни көліктің сыртқы түріне немесе шығарылған жылына қарап емес, нақты шығарындыларына қарай бағаланады. Мамандардың айтуынша, Алматының ауасын жақсарту үшін тек көлік мәселесін шешу жеткіліксіз. Қалада көмір жағатын жеке сектор да – негізгі ластаушы көздердің бірі. Сондықтан жыл соңына дейін әлі көгілдір отынға қосылмаған 4 мыңға жуық үйді жеке инвесторлардың қаражаты есебінен газға қосу жоспарланып отыр.
Дінмұхаммед Лесбеков, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы:
Экологиялық жағдайды жақсарту үшін міндетті түрде шектеу шараларын қарастыру қажет. Егер Пекиннің озық тәжірибесін әлемдік жақсы тәжірибе ретінде мойындайтын болсақ, онда онда да тыйым салу және шектеу шаралары қолданылған. Көптеген көлік электрге, газға ауыстырылды. 663 мың көмір жағатын нысан қаланың сыртына шығарылды.
Мұндай тәжірибе Қытаймен шектелмейді. Болгарияда да экологиялық аймақ енгізілген. Бірнеше жыл бұрын іске қосылған жоба нәтижесінде ауа сапасы 30 пайызға жақсарыпты. Алматыда әзірге бұл – тек сынақ. Жыл соңына дейін мамандар жүйенің тиімділігін бағалайды. Ал 2027 жылы төмен эмиссия аймағын толыққанды іске қосу мәселесі шешілуі мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы