Басты Жаңалықтар Елена Рыбакина – әлемнің бірінші ракеткасы

Елена Рыбакина – әлемнің бірінші ракеткасы

Қазақстан спорты үшін тарихи жетістік! Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина – енді әлемде де нөмірі бірінші теннисші. Отандасымыз дүниежүзінде мұндай жетістікке жетіп, аты аңызға айналған санаулы спортшының қатарына енді. Ол осыған дейін рейтингте көш бастап тұрған Беларусь өкілі Арина Соболенканы басып озды. Тартысты матч, тарихи жеңіс және алдағы маңызды ойын туралы әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Елена Рыбакина US Open-ге жетінші рет қатысып отыр. Бұған дейінгі ең үздік нәтижесі – төртінші айналым. Ал биыл Нью-Йорктегі жолы тарихи белеске ұласты. Ширек финалдағы қарсылас – Париж Олимпиадасының чемпионы, Қытайдың үздік теннисшісі Чжэн Циньвэнь. Бұл ойынға дейін екеуі бес рет кездесіп, төрт мәрте Рыбакина жеңген. Бірінші сетте Чженнің ойыны жүрді. Десе де отандасымыз екінші партия мен шешуші сәтте басымдық танытты. Бұл жеңіс Еленаға әлемнің бірінші ракеткасы атану құқығын сыйлады.

Елена Рыбакина, теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:

Бұл – тарихи жетістік. Қазақстанның атынан өнер көрсететінімді мақтан тұтамын. Елге барған сайын тенниспен айналысатын балалардың көбейіп келе жатқанын көремін. Өзіңнен үлгі алатын осыншама жасты көру – керемет сезім. Бұл – өзіңе сеніп, аянбай еңбек етсең, бәріне де қол жеткізуге болатынын дәлелдейді. Барлық жанкүйерге алғыс айтамын.

Рыбакинаның бұл жетістігі – бір күндік сенсация емес. Қазақстан атынан алғашқы жарысына шыққанда Елена WTA рейтингінде 207 орында еді. Бірнеше жыл ішінде үздіктер қатарына еніп, Grand Slam турнирлерінде жеңіс тұғырынан көрінді.

Диас Досқараев, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті:

Үлкен жол деп айтуға болады. Бірақ жасалған мүмкіндіктер, бапкерлер, физиотерапвтер болсын, массажист, дәрігерлер, орналасқан жаттығу жиындары болсын... Екіншіден, бұл біздің өсіп келе жатқан жас теннисшілеріміз үшін үлкен мотивация.

Қазақстан теннисі үшін бұл жетістіктің мәні де осында. Рыбакинаның әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілуі – жеке спортшының ғана емес, елдегі теннистің дамуы үшін де маңызды нәтиже. Теннис сарапшысының айтуынша, әлемнің бірінші ракеткасын тағы бір үлкен сынақ күтіп тұр. Отандасымыз финалдың жолдамасын жарыс қожайыны, америкалық Кори Гауфпен сарапқа салады.

Асқар Ағатаев, сарапшы:

Кори Гауфф Американың бетке ұстар теннисшісі өз елінде ойнайды, өз жанкүйерлерінің алдында ойнайды. Сондықтан тарысты ойын болады. Мен ойлаймын: Лена 3 сетте жеңеді. Бұйырса Соболенкамен финалда бас жүлдені сарапқа салады. Енді жеңсін, жеңілмесін, Лена – қазір әлемнің бірінші ракеткасы.

Айта кетейік, 27 жастағы Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы ретіндегі жаңа мәртебесі 14 қыркүйекте ресми түрде жарияланады. Қазақстан теннисі тарихында жаңа дәуір басталды. Осы турнирден кейін отандасымыз АҚШ ашық чемпионатынан кейін әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.


Бөлісу